Балқашта екі қызды зорлап, бопсалаған: күдіктілер ұсталды
Балқашта екі қызға жыныстық зорлық жасалды деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. 13 және 15 жастағы қыздардың әкесі балаларының зорлық көріп, жыныстық қанауға мәжбүрленгенін және интимдік фото-видеолар арқылы бопсаланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода ер адам екі қызға биыл жазда зорлық жасалғанын айтады. Оның сөзінше, күдіктілер оқушыларды ұрып-соғып, түрлі қорлық көрсеткен. Сондай-ақ оларға есіртетін препараттар араластырылған алкоголь беріп, жыныстық қанауға мәжбүрлеген. Қыздарды көлікпен жалдамалы пәтерлерге апарып отырған. Ал болған жағдайды жақындарына айтса, интимдік фото-видеоларын таратамыз деп қорқытқан.
Жарияланымда бұл іске 20 жігіттің қатысы болуы мүмкін екені, олардың алтауы ұсталғаны айтылған.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«16 қарашада Балқаш қаласының 55 жастағы тұрғыны полицияға қыздарына қатысты жасалған заңсыз әрекеттер туралы арызбен жүгінді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілерді анықтап, ұстады», – деп хабарлады полиция.
Полицияның мәліметінше, заңсыз әрекеттер әртүрлі уақытта және әртүрлі жерде жасалған. Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеуге облыстық Полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлері тартылған. Іс департамент басшылығының ерекше бақылауында.
Айта кетейік, Қарағанды облысында қызды зорлаған бес жасөспірім сотталған еді.
Соңғы жаңалықтар