Үкімет «Самұрық-Қазына» қорына қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстан Үкіметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қазіргі қызметіне қатысты түсініктеме берді. Баспасөз қызметі қор мен оның құрамындағы компаниялар штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкіметтің хабарлауынша, «Самұрық-Қазына» АҚ және қор тобына кіретін барлық компаниялар өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр. Өндірістік процестер, инвестициялық жобалар, әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ инвесторлармен, кредиторлармен және серіктестермен өзара іс-қимыл белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуда.
Үкіметтің хабарлауынша, инвестициялық келісімдер, кредиттік шарттар, шығарылған бағалы қағаздар бойынша міндеттемелер мен өзге де келісімшарттар өз заңды күшін толық сақтайды және талаптарға сай орындалады.
Қазіргі уақытта қор қызметіне ағымдағы басшылықты Басқарма мүшелері өз өкілеттіктері шегінде жүргізуде. Ал стратегиялық маңызы бар мәселелер бойынша шешімдерді Директорлар кеңесінің төрағасы – Премьер-министр қабылдайды.
Сондай-ақ Үкімет компаниялар тобының тұрақты жұмысы мен қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударатынын атап өтті. Директорлар кеңесі өз қызметінде «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алады. Осы бағытта комплаенс-қызметтердің жұмысы күшейтіліп, тәуекелдердің алдын алу тетіктері одан әрі жетілдірілмек.
Еске салайық, бұған дейін, 12 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевті, сондай-ақ басқа да адамдарды ұстағанын растаған еді.
Соңғы жаңалықтар