32 мың теңге алды, 752 мың теңге қайтару талап етілген – депутат заңсыз несие берушілерді тоқтатуды сұрады

10.09.2026 16:07 Қарақат АСЫЛОВА
32 мың теңге алды, 752 мың теңге қайтару талап етілген – депутат заңсыз несие берушілерді тоқтатуды сұрады
129
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Қазақстанда заңсыз несие беретін құрылымдардың қызметіне бақылауды күшейту мәселесі көтерілді. Кей жағдайда азаматқа 32 мың теңге аударылып, одан 752 мың теңге қайтару талап етілген. Бұл туралы Құрылтай отырысында «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Юрий Ли айтып, Бас прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Саденовке және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутаттың айтуынша, 2026 жылғы 28 мамырда VIII шақырылымдағы Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары заңсыз өсімқорлардың қызметі жедел таралып жатқаны туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне депутаттық сауал жолдаған.

Сол кезде заңсыз несие берудің бір мысалы ретінде Alem Credit платформасының қызметі көрсетілген.

Сауалда бұл платформа микрофинанс қызметін жүргізуге арналған тіркеуі мен лицензиясы болмаса да, ондаған интернет ресурс арқылы азаматтарға қарыз беретіні айтылған. Оның ішінде заңды қаржы ұйымдары несие беруден бас тартқан адамдар да бар.

Депутаттың мәліметінше, компанияның сайттарына тіркелу кезінде қарыз алушылардың биометриялық деректері заңсыз жиналады. Ал қарыз қаражаты жеке тұлғалардың, яғни дропперлердің карталары арқылы беріледі.

Бұл ретте ЖТСМ, яғни жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі ресми белгіленген шектен 9,5 есе жоғары. Айыппұл санкцияларының мөлшері 10 есе артық.

Қарыз мерзімі өтіп кеткен жағдайда психологиялық қысым мен қорқыту белгілері бар өндіріп алу тәсілдері қолданылатыны да айтылған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылғы 26 маусымдағы жауабында Alem Credit қызметінен Азаматтық кодекстің 160-бабында көзделген жалған мәміле белгілері байқалатынын көрсеткен.

Алайда агенттікте тиісті өкілеттік болмағандықтан, материалдар Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданған.

Юрий Лидің айтуынша, қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат болғанына қарамастан, платформаның интернеттегі жарнамасы әлі жалғасып жатыр. Жарнамалық SMS хабарламалар таратылады, жаңа интернет сайттар да пайда болуда.

Бұған дейін қарыз алған азаматтарға да алған сомасынан бірнеше есе көп қаражат қайтару талабы қойылып отыр.

Сауалда келтірілген мысал бойынша, адамға 50 мың теңге қарыз мақұлданғанымен, оның есепшотына іс жүзінде 32 мың теңге түскен. Кейін одан 752 мың теңге қайтару талап етілген. Бұл нақты алынған сомадан шамамен 23 есе көп.

Азаматтардың хабарлауынша, қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу кезінде үздіксіз телефон қоңыраулары жасалады. Туыстары мен жұмыс берушілері арқылы қысым көрсетіліп, жеке ақпаратты жариялаймыз деген қорқыту айтылады.

Сондай-ақ жасанды интеллект арқылы жасалған әдепсіз сипаттағы суреттер, адамның іздеуде жүргені немесе қылмыс жасағаны туралы жалған хабарламалар қолданылатыны айтылған.

Депутат бұл жағдайда заңды және заңсыз қаржы ұйымдарына қойылатын талаптардың арасындағы айырмашылыққа назар аударды.

Заңды қаржы ұйымдары лицензия алуға, сыйақы мөлшерлемесіне қойылған шектеулерді сақтауға, клиенттерді сәйкестендіру, жарнама және берешекті өндіріп алу талаптарын орындауға міндетті.

Ал заңсыз құрылым, депутаттың айтуынша, бірнеше ай бойы өз қызметін ашық жарнамалап, биометриялық деректер жинап келеді. Ақша дропперлер желісі арқылы беріледі. Қолда бар мәлімет бойынша, криптовалюталық инфрақұрылым да пайдаланылады.

Азаматтар әртүрлі мемлекеттік органға шағымданғанымен, олардың өтініштері қайтадан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберіледі. Ал агенттік азаматтарға сотқа жүгінуді ұсынады.

«Нәтижесінде мемлекеттік қорғау жүйесі іс жүзінде өз ішінде тұйықталып қалады, ал заңсыз несие беруші жұмысын жалғастыра береді», – деді Юрий Ли.

Депутат ведомствоаралық байланысты да маңызды мәселе ретінде көтерді.

Оның айтуынша, KZ-CERT немесе мемлекеттік ақпараттық жүйелер белгілі бір интернет ресурстан фишинг немесе алаяқтық белгілерін анықтаса, мұндай сигнал міндетті жедел тексеруге негіз болуы керек.

Негіз болған жағдайда сол интернет ресурсқа қолжетімділікті шектеу рәсімі де басталуы тиіс.

Юрий Ли бұл жағдайды кредитор мен қарыз алушы арасындағы жекелеген дау деп қарауға болмайтынын айтты.

«Бұл енді кредитор мен қарыз алушы арасындағы жеке дау емес. Біздің алдымызда жаппай заңсыз қаржылық қызметтің белгілері тұр», – деді депутат.

Осыған байланысты «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының фракциясы көтерілген мәселені бақылауға алып, қабылданған шаралар туралы ақпарат беруді сұрады.

Войдите, чтобы оставить комментарий