396 миллион теңге парамен сотталған бұрынғы облыс әкімі бостандыққа шықты деген ақпарат тарады

396 миллион теңге парамен сотталған бұрынғы облыс әкімі бостандыққа шықты деген ақпарат тарады
Фото: “Kozachkov offside” Telegram арнасынан

Алматы облысындағы Алатау қаласында сот бұрынғы Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевты мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандырғаны жөнінде ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Kozachkov offside” Telegram арнасына сілтемемен.

69 жастағы Кәрім Көкірекбаев бұған дейін Жамбыл облысының әкімі, «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ ол Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мекемесін басқарған. 2022 жылғы 27 желтоқсанда ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері тарапынан ұсталды.

Тергеу мәліметінше, Көкірекбаев «Bazis Construction INFR» компаниясының басшысы Андрей Поплавскийден Хоргос өзеніндегі қорғаныс нысандарының құрылысына қатысты орындалмаған жұмыстарды қабылдау актілеріне қол қою үшін 396 миллион теңге көлемінде пара алған. Ал мемлекетке келтірілген шығын шамамен 2 миллиард теңгеге бағаланған. Бұл іске оның орынбасары Әділет Ахатаев та қатысы бар деп танылды.

2024 жылдың жазында алқабилер соты алғашқы үкімін шығарған. Сол кезде Поплавский мен Ахатаев кінәлі деп танылса, Көкірекбаев ақталған еді. Алайда кейін бұл үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

2025 жылдың шілдесінде сот істі қайта қарап, үш айыпталушыны да кінәлі деп таныды. Нәтижесінде Кәрім Көкірекбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Әділет Ахатаев пен Андрей Поплавский 11 жылға сотталды.

Бұдан бөлек, Көкірекбаев тергеу изоляторында болған кезінде конвой қызметкеріне 20 мың теңге беріп, жұбайымен телефон арқылы сөйлесуге және оны сот ғимаратына заңсыз кіргізуге көмектесуін сұраған. Осы әрекеті үшін оған 300 мың теңге айыппұл салынған.

Енді тараған мәліметке сәйкес, бұрынғы шенеунік денсаулық жағдайына байланысты мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Мұндай мүмкіндік Қазақстан Қылмыстық кодексінің 75-бабында қарастырылған.

Алайда әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі аталған жағдайға қатысты түсініктемені дүйсенбі күні беруге уәде еткен.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу