Жамбылда аяусыз соққыға жығылған оқушы әлі комада: Отбасы кінәлілердің түгел жазалануын талап етті

Жамбылда аяусыз соққыға жығылған оқушы әлі комада: Отбасы кінәлілердің түгел жазалануын талап етті
Фото: IStock

Жамбыл ауданында аяусыз соққыға жығылып, комаға түскен оқушының отбасы шабуылды ұйымдастырды деп күдіктелгендердің де қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Туыстары Бас прокуратурадан істі ерекше бақылауға алуды сұраған.

Жәбірленушінің әпкесі әлеуметтік желіде жариялаған үндеуінде бауырының 31 қазаннан бері өте ауыр жағдайда жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға мектеп оқушылары арасында өткен бейресми «сходка» кезінде болған.

Қыздың сөзінше, 11-сынып оқушысы Е.С. өзге жоғары сынып оқушыларымен бірге 10-сынып оқушысы Н.А.-ға оның бауырын ұрып-соғуды тапсырған. Ал тапсырманы орындаудан бас тартқан жағдайда жасөспірімге күш қолданамыз деп қорқытқан көрінеді.

Оқушы 20 күннен астам уақыттан бері комада жатыр. Әпкесінің айтуынша, дәрігерлер оған апалликалық синдром, яғни вегетативті жағдай диагнозын қойған. Қазір жасөспірім айналасында болып жатқан жағдайға жауап бермейді. Ұзақ уақыт қозғалыссыз жатуына байланысты қол-аяғында деформация белгілері пайда болған.

Жәбірленушінің туыстары тергеу барысына да наразы. Олардың мәлімдеуінше, тергеу барысында жоғары сынып оқушыларының шабуылды ұйымдастыруға қатысы анықталғанымен, олар әлі күнге дейін бостандықта жүр. Бұдан бөлек, оқиғаға 2007 жылы туған, мектепті бұрын бітірген екі азаматтың да қатысы болуы мүмкін екенін алға тартқан.

Отбасы 15 жастағы күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасына да күмән келтіріп отыр. Әпкесінің айтуынша, қоғамдық резонанстан кейін күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғанымен, келесі күні сот оны кәмелетке толмағанын және бұрын сотталмағанын ескеріп, үйқамаққа ауыстырған.

Туыстары жергілікті билік пен құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ оқиғаға қатысы бар деп санайтын жасөспірімдердің ата-аналарынан нақты көмек болмағанын айтады. Олар істің аяқсыз қалуынан және шабуылды ұйымдастырды деп күдіктелгендердің жауапкершіліктен жалтаруынан қауіптенеді.

Осыған байланысты отбасы оқиғаға қатысы бар барлық адамның, соның ішінде жоғары сынып оқушылары мен кәмелетке толған азаматтардың әрекетіне құқықтық баға беруді, сондай-ақ емделу мен кейінгі оңалту шығындарын өтеуді талап етіп отыр.

Жәбірленушінің әпкесі Бас прокурорға, Ішкі істер министріне және Бала құқықтары жөніндегі уәкілге үндеу жасап, істі ашық әрі әділ тергеуге ықпал етуді сұраған.

«Бүгін біздің бауырымыз зардап шекті, ал ертең жазасыздық салдарынан кез келген басқа бала зардап шегуі мүмкін!» – делінген үндеуде.

Әзірге уәкілетті органдар бұл айыптауларға қатысты ресми түсініктеме бермеген. Құқық қорғау органдары тергеу құпиясына байланысты ақпарат жариялай алмайтынын айтқан.

Қазіргі уақытта жасөспірім облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жатыр. Оны өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратқанымен, жағдайы әлі де өте ауыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу