Астанада тұмау өршіп тұр: 300-ден астам адам ауруханаға түсті
Астанада маусымдық тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралуына байланысты ауруханалардағы науқастар саны артты, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазір елорда стационарларында 313 адам ем қабылдап жатыр. Олардың басым бөлігі – балалар.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханада жатқан науқастардың 220-сы – бала, 30-ы – жүкті әйел. Бұдан бөлек, тағы 2569 адам ауруханаға жатқызылмай, амбулаториялық жағдайда ем алып жатыр. Олардың арасында 1551 бала мен 20 жүкті әйел бар.
Сонымен қатар емханалардың бақылауында ЖРВИ жұқтырған 4559 науқас тұр. Олардың 3132-сі амбулаториялық ем қабылдауда.
Маусымдық аурулардың көбеюіне байланысты елордада ауруханалардағы төсек-орын саны арттырылып, жедел жәрдем қызметінің жұмысы күшейтілген. Ал емханаларда дене қызуы көтеріліп, жөтел және басқа да тыныс жолдары инфекцияларының белгілері бар науқастарды бөлек қабылдайтын арнайы кабинеттер ашылған.
Сондай-ақ қалада тұмауға қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 143 619 адам екпе алған. Оның 29 592-сі – бала, 114 027-сі – ересек адам.
Соңғы жаңалықтар