Липосакция жасатуға барған депутаттың өлімі: Жесірі жеке клиникаға қатысты істі қайта қарауды сұрады
Маңғыстауда депутаттың әйелі күйеуінің наркоздан кейінгі өліміне қатысты істі қайта тергеуді талап етті, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Lada.kz”-ке сілтемемен.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың жұбайы күйеуінің жеке клиникада наркоздан кейін комаға түсіп, көз жұмғанына қатысты қылмыстық істі қайта қарауды талап етіп отыр. Оның айтуынша, тергеу кезінде маңызды дәлелдер жиналмай, іс кейіннен тоқтатылған.
Оқиға 2026 жылдың 4 сәуірінде Ақтаудағы «Қасиет» жеке клиникасында болған. Ербол Айтуов мойын тұсындағы майды алдыру үшін липосакция жасатуға барған. Әйелінің сөзінше, сол күні таңертең оның денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Алайда наркоз енгізілгеннен кейін жағдайы күрт нашарлаған.
Жұбайының айтуынша, анестезиолог бірнеше рет интубация жасауға тырысқанымен, нәтиже шықпаған. Ал жедел жәрдем дәрігерлері клиникаға тек төрт сағаттан кейін шақырылған. Кейін облыстық ауруханада науқастың миы ұзақ уақыт оттегі жетіспеуінен ауыр зақымданғаны анықталып, ол комаға түскен.
Медициналық құжаттарда липосакция операциясының мүлде жасалмағаны көрсетілген. Ербол Айтуов кейін ауруханада көз жұмған.
Марқұмның жұбайы Лаура Айтуованың айтуынша, ол полицияға алғаш рет 7 сәуірде жүгінгенімен, сол кезде қылмыстық іс қозғалмаған. Тек 22 мамырда қайта арыз бергеннен кейін ғана тергеу басталған.
Әйел тергеу барысында бірқатар маңызды деректің уақытында алынбағанын алға тартады. Атап айтқанда, клиникадағы бейнебақылау жазбалары, жедел жәрдем қызметінің мәліметтері мен медициналық құрылғылардың жұмысына қатысты ақпараттар дер кезінде сұратылмаған. Қазір клиника өкілдері бейнежазбалардың сақталмағанын және оларды қалпына келтіру мүмкін емес екенін айтқан көрінеді.
Бұдан бөлек, алғашқы сараптама қажетті құжаттардың жеткіліксіздігіне байланысты жүргізілмеген. Кейін жеке ұйым жасаған зерттеу де марқұмның туыстарын толғандырған сұрақтарға нақты жауап бермеген.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс тоқтатылған. Алайда Лаура Айтуова бұл шешіммен келіспей, мемлекеттік сараптама тағайындауды және тәуелсіз анестезиолог маманды тартуды сұрап отыр. Ол наркоздың дұрыс жүргізілгенін, интубация кезінде қандай қиындықтар болғанын және науқасқа медициналық көмек уақытылы көрсетілген-көрсетілмегенін анықтауды талап етеді.
Соңғы жаңалықтар