40 қабатты мұнара ма, әлде жасыл саябақ па? Алматы әкімдігі депутаттар ұсынысын қабылдамады

Алматы әкімдігі 40 қабатты үйдің орнына саябақ салу ұсынысын қабылдамады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Алматы әкімдігі қаладағы 40 қабатты тұрғын үй кешенінің орнына саябақ салу туралы депутаттардың ұсынысын қабылдамады. Қала әкімі Дархан Сатыбалды бұл жердің жекеменшікте екенін алға тартып, онда әлеуметтік нысан немесе сквер салу мүмкіндігі қарастырылмайтынын жеткізді.
Мәжіліс депутаттарының бір тобы бұған дейін RAMS Beyond Almaty деп аталатын көпқабатты тұрғын үй кешенінің орнына жаңа саябақ жасауды немесе әлеуметтік нысан тұрғызуды ұсынған болатын. Алайда қала әкімдігі бұл ұсынысты қанағаттандырудан бас тартты.
Ресми жауапта Бостандық ауданындағы жер телімінің иесі "BR Construction Qazaqstan" ЖШС екені, оның сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен сәулет және қала құрылысы басқармасы келіскен эскиздік жобасы бар екені айтылған.
Дегенмен, тексеру барысында құрылыс-монтаж жұмыстарының бірқатар заңбұзушылықпен басталғаны анықталды. Компания коммерциялық бөлмелері мен паркингі бар көпфункционалды тұрғын үй кешенін салу үшін қазаншұңқыр қазуды және мұнаралы кранның іргетасын құюды сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабардар етпестен бастап кеткен.
Осыған байланысты 2025 жылдың 2 қыркүйегінде жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде тапсырыс берушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою және құрылысты тоқтату туралы нұсқама берілді.
Соған қарамастан, Алматы әкімдігі бұл жер телімі жекеменшікте болғандықтан және тапсырыс беруші 40 қабатты тұрғын үй кешенін жобалауға рұқсат құжаттарын алып қойғандықтан, бұл аумақта саябақ немесе әлеуметтік нысан салу мүмкіндігін қарастырмайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, депутат Бақытжан Базарбек бір ай бұрын Rams Qazaqstan-ға 40 қабатты үй құрылысын тоқтату туралы құжатты табыстаған болатын.
Соңғы жаңалықтар





