6 ай күтудің қажеті жоқ: «Отбасы банк» пәтер алудың жаңа жолын ұсынды

15.10.2026 • 11:31 Әсел МҰРАТ
6 ай күтудің қажеті жоқ: «Отбасы банк» пәтер алудың жаңа жолын ұсынды
159
Фото: ашық дереккөз

«Отбасы банк» бүгіннен бастап «Наурыз» ипотекасына қатысушылар үшін депозитте қаражатты 6 ай бойы жинақтау талабын алып тастады, деп хабарлайды Politico.kz.

Енді баспана құнының 50%-ын бірден шотқа құйып, қалған сомаға аралық заем ресімдеу арқылы бірден пәтер сатып алуға болады.

Бұл жаңа тетік 15 қазаннан бастап BI Group, SAT NS және QazaqStroy құрылыс холдингтерімен бірлесе жүзеге асырылады. Бастапқы кезеңде BI Group Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалалары бойынша 600 пәтерді сатылымға шығармақ.

Несиенің бастапқы мөлшерлемесі – 8,5%, кейіннен бұл көрсеткіш 3,5–5%-ға дейін төмендейді. Баспана алу тәртібі бойынша, үміткер әуелі құрылыс салушының сату бөлімінен пәтер таңдап, бронь жасауы тиіс. Брондау туралы растау қағазын алғаннан кейін банкке барып, несиені рәсімдейді.

Сонымен қатар, банк «Наурыз» бағдарламасымен өтініші мақұлданып, бірақ әлі лайықты пәтер таппаған 2 мыңға жуық клиентке берілген мерзімді 2026 жылдың 30 желтоқсанына дейін созды. Айта кетейік, биыл аталған бағдарламаның игілігін көріп, 10 мыңнан астам шаңырақ қоныс тойын тойлады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий