7 құс, 7 жыл: Алматыда ителгіні шетелге асырмақ болғандар сотталды

01.10.2026 • 12:04 Абзал БАХЫТЖАНОВ
7 құс, 7 жыл: Алматыда ителгіні шетелге асырмақ болғандар сотталды
168
Фото: istokphoto.com

Алматыда сирек кездесетін 7 ителгіні Қазақстаннан алып шығу үшін шекарашыға 21 мың доллар пара ұсынған үш адам сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Михаил Козачковтың мәлімдеуінше, әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Оның жазуынша, құстар Алматыда Ресей паспортымен тұратын, Иорданияда туған 59 жастағы Идрис Ибрахим Абу Джамалдың қолында болған. Арабия түбегіндегі қара нарықта мұндай аңшы құстардың әрқайсысы ондаған мың долларға бағаланады. Алайда оларды Қазақстаннан әкетуге тыйым салынған.

Құстарды шекарадан өткізудің жолын іздеген Абу Джамал Талғар ауданының 53 жастағы тұрғыны Сейтжан Алаевқа жүгінген. Ол Алматыда жүрген Ауғанстан азаматы, 68 жастағы Ибрагим Азам Мохаммадпен байланысқан.

Мохаммадтың әуежайда таныс шекарашысы болған. Екеуі бірнеше жыл бұрын Мохаммад Алматы әуежайында аудармашы ретінде көмектесіп жүргенде танысқан екен. Ол шекарашыға қоңырау шалып, кездесуге шақырған. Алғашқы әңгімеден кейін мәселені басқа жерде толығырақ талқылауға келіскен.

Келесі кездесуге Абу Джамал мен Алаев та келіп, әр құсты алып шығуға көмектескені үшін 3 мың доллардан ұсынған. Шекарашы келіскенімен, ұсыныс туралы басшылығына бірден хабарлаған. Бұдан кейінгі кездесулер әріптестерінің бақылауымен өтіп, үшеуі 21 мың доллар әкелгенде ұсталған.

Сотта айыпталушылар әртүрлі түсінік берген. Алаев әңгімеге араласпағанын, ақша бермегенін айтса, Мохаммад құстар туралы сөз болғанын есіне түсіре алмаған. Ал Абу Джамал шала таныс жігіт Палестинадан балаларды алып шығуға көмектеседі деп ойлағанын мәлімдеген.

Сот бұл жауаптарға сын көзбен қарап, үшеуін де сирек кездесетін құстарға қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны және пара бергені үшін кінәлі деп танып, 7 жылға соттаған.

Үкім заңды күшіне енді.

Войдите, чтобы оставить комментарий