Алматыда Асанәлі Әшімовтің бір жылдық асы берілді

Алматыда Асанәлі Әшімовтің бір жылдық асы берілді
Фото: instagram.com/assanali.ashimov

Алматыда қазақ өнерінің көрнекті өкілі, халық әртісі Асанәлі Әшімовті еске алуға арналған бір жылдық асы берілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиынға марқұмның отбасы, балалары мен немере-шөберелері, сондай-ақ өнердегі әріптестері мен жақындары қатысты.

Жиналған қауым Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесін еске алып, оның қазақ театры мен кино өнеріне сіңірген еңбегін, өмір жолындағы жетістіктерін сөз етті. Марқұмның өнердегі орны мен адамдық қасиеттері айтылып, отбасы мен туған-туыстарына көңіл білдірілді.

Жиында Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова сөз сөйлеп, асқа арнайы келген барша азаматқа алғысын жеткізді. Ол сөзінде отбасы мен театр ұжымының марқұмның өміріндегі ерекше орнын атап өтті.

«Немере-шөберелерім мен балаларым – оң қанатым, ал Асанәлі Әшімов театрының актерлері – сол қанатым», – деді Бағдат Әшімова.

Сондай-ақ ол театр әртістеріне Асанәлі Әшімовтің есімін асқақтатып, шығармашылық жолын жалғастыра беруді тіледі. Оның айтуынша, марқұмның соңғы арманының бірі – театрдың дамып, есімінің ұмытылмауы болған. Бағдат ханым бұл арман орындалады деп сенетінін жеткізді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу