Ақтаудағы бір шағынауданда ер адам кішкентай қыздарға жыныс мүшесін көрсеткен
Ақтаудағы 26-шағынауданда орналасқан №19 үйдің тұрғындары тағы да дабыл қағуда, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі “Halyqstan” Telegram арнасына сілтемемен.
Бұл жолы олар подъезде кішкентай қыздарға әдепсіз әрекет көрсеткен ер адамға қатысты шағымданған. Тұрғындардың айтуынша, белгісіз азамат балалардың көзінше жыныс мүшесін көрсеткен. Бұл туралы адвокат Ажар Картбай әлеуметтік желіде жариялады.
Жергілікті тұрғындар аталған жағдайға байланысты адвокаттан көмек сұраған. Әзірге оқиғаға қатысты ресми мәлімет жоқ.
Айта кетейік, бұл – аталған шағынауданда тіркелген алғашқы даулы жағдай емес. 2023 жылдың шілдесінде №9 үйдің маңында 47 жастағы ер адам ұсталған болатын. Сол кезде тұрғындар оның кішкентай қыздарға тиісіп, қолдарынан ұстап, сүйіп, шоколад сатып алуды ұсынғанын айтқан.
Сол жылы №19 үйдің тұрғындары Ақтаудың сол кездегі әкімі Ұлықбек Тналиевпен кездесіп, жақын маңдағы сахнаны алып тастауды сұраған. Олардың сөзінше, бұл орын ішімдік ішіп, есірткі тұтынатын адамдардың жиналатын жеріне айналған.
Тұрғындар сол кезде сахнаның айналасы ластанып, қоғамдық тәртіптің жиі бұзылатынын айтып, балаларының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірген. Сондай-ақ аумақта бейнебақылау камераларының жоқтығын сынға алған. Әкім тұрғындардың өтінішінен кейін камералар орнатуды тапсырған.
Ал 2025 жылдың 28 сәуірінде осы үйдің артында төбелес болып, салдарынан бір ер адам қаза тапқан.
Соңғы жаңалықтар