Ақтаудағы «Тұлпар» мектебіндегі жанжал: Қорланған тазалықшы әйел алғаш рет өз шындығын айтты

Ақтаудағы «Тұлпар» мектебіндегі жанжал: Қорланған тазалықшы әйел алғаш рет өз шындығын айтты
Видеодан кадр

Ақтаудағы жекеменшік «Тұлпар» мектебінде тазалықшы әйелдің қорлануына қатысты дау жаңа сипат алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мектеп басшылығының мәлімдемесінен кейін оқиғаға қатысы бар қызметкер көпшілік алдына шығып, өз нұсқасын баяндауға шешім қабылдады.

Жәбірленуші Гүлбану Бекболатова қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаевпен байланысқа шығып, мектептегі жұмыс барысында қандай жағдайларға тап болғанын айтып берген. Бұл туралы белсенді әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Бұған дейін мектеп директоры Lada.kz порталына берген сұхбатында жанжалға тазалықшы әйелдің өзі себеп болғанын айтқан. Сондай-ақ мектептегі кейбір заттардың жоғалуына қатысты болжамды жағдайларды да сөз еткен.

Алайда 26 жастағы Гүлбану Бекболатова бұл айыптаулармен келіспейді. Оның айтуынша, ол айына шамамен 125 мың теңге жалақы алып, өзіне жүктелген міндеттерді орындаған. Сонымен қатар жұмыс барысында бірнеше рет қысымға ұшырап, жалақысының кешіктірілуі мен еңбек құқықтарының бұзылуына тап болған.

Гүлбанудың сөзінше, оқиға мектептің үшінші қабатындағы дәлізді тазалап жүрген кезінде басталған. Сол кезде директордың әйелі одан диретор кабинетінің еденін жуып беруін сұраған. Әйел кейінірек жуатынын айтқан.

Алайда екінші қабатта жұмыс істеп жүргенде директордың әйелі қайта келіп, тазалық жұмысына қатысты наразылық білдірген. Гүлбанудың айтуынша, ол түрік тілінде сөйлегендіктен, сөздерінің бәрін түсінбеген. Дегенмен өзін жұмыстан шығаратынын айтқанын түсінген.

«Мен оған: “Шығара беріңіз, маған айтпаңыз, директорға барып айтыңыз”, – дедім», – дейді Гүлбану.

Оның айтуынша, осы жағдайдан кейін ол басқа қызметкерлермен бірге директорға барып, болған жайтты жеткізген. Алайда артынша директордың әйелі қайта келіп, тағы да айқайлаған. Гүлбану оның түрік тілінде сөйлегендіктен, нақты не айтқанын түсінбегенін жеткізді.

Сондай-ақ тазалықшы әйел өзіне тағылған зат ұрлау туралы айыптауларды жоққа шығарды. Ол ешқандай затты иемденбегенін және тек өз жұмысын атқарғанын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы «Тұлпар» мектебінде тазалықшы әйелдің шелегін тепкен қызметкер жұмыстан босатылған болатын. Сонымен қатар сот оған 86 500 теңге айыппұл салған.

Қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев Гүлбануға тағылған айыптарды жеке тексеріп, оның құқықтарын қорғау үшін заңгерлік көмек көрсетуді сұрады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу