8 жыл бойы қала қаржысын сорған депутат бәрін кері құсатын болды

05.04.2026 15:04 Арман Ермеков
8 жыл бойы қала қаржысын сорған депутат бәрін кері құсатын болды
1440
Павел Булаев бюджетке 805 млн теңге қайтаруға міндеттелді | Фото: ашық дереккөз

Петропавлда тазарту құрылыстарының бұрынғы басшысы әрі депутат болған Павел Булаев пен оның сыбайластары қала бюджетіне 800 миллион теңгеден астам қаражатты қайтаруға міндеттелді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Qaz-media.kz-ке сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысындағы жемқорлық ісіне қатысты азаматтық сот шешімі шығып, мемлекет мүлкін иемденгені және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін сотталған Павел Булаев пен оның сыбайластары Денис Маршалов, Руслан Яковенко және Лев Шакшабаевтан қыруар қаржы өндірілетін болды.

2024 жылдың ақпан айында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталған Булаев өзінің қылмыстық әрекеттерін 8 жыл бұрын бастаған. Ол Тазарту құрылыстары мемлекеттік кәсіпорнын басқарып тұрған кезде байқау өткізбестен тікелей келісімшарттар жасасу үшін өзіне тиімді жалған мекемелер құрған. Кейінірек бұл серіктестікті бұрынғы әйелінің ағасы басқарып, 2019 бен 2021 жылдар аралығында олар 117 млн теңгені қалтасына басқан.

2018 жылы әкімдік мемлекеттік кәсіпорынды жауып, барлық мүлікті жаңадан құрылған серіктестікке бергенде Булаев оның 51 пайыз акциясына ие болып, техниканы жалға алу сылтауымен 59 млн теңгені заңсыз аударып алған.

Бұдан бөлек 2020-2022 жылдар аралығында ол Маршаловпен бірігіп жұмысшылары мен техникасы жоқ мердігерлермен жалған келісімшарттар жасап, 348 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған. Дәл осындай сызбамен Яковенко екеуі жауын суын бұру жұмыстарынан 131 млн теңге, ал Шакшабаевпен бірлесіп 195 млн теңге пайда тапқан.

Тергеу барысында бұрынғы депутаттың әйелінің қысқа уақыт ішінде байып кеткені және оның атына қымбат көліктер мен жылжымайтын мүліктер рәсімделгені анықталды. Әйел бұл байлықты өзіне үйленген дәулетті азамат сыйлады деп мәлімдегенімен оның атын атаудан бас тартқан.

Қылмыстық іс бойынша алғашқы сот шешімімен Павел Булаев мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына және 8 жылға бас бостандығынан айырылса, оның сыбайластарына 7 жарым жыл жаза тағайындалған болатын.

Апелляциялық сот бұрынғы әйелі мен жақындарының атындағы мүліктің бір бөлігін бұғаттан босатып, сыбайластардың жазасын 7 жылға дейін қысқартты.

Осыдан кейін Петропавл әкімдігі шығынды өндіру үшін азаматтық сотқа жүгініп, нәтижесінде сотталушылардың салыққа төледік немесе жұмысты толық атқардық деген уәждері қабылданбады.

Сот шешімімен олар мемлекетке жалпы сомасы 805 651 000 теңге қайтаруға міндеттелді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий