Министрлік екі студент қайтыс болған ҚазҰУ-ды тексермек
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 10 күн ішінде екі бірінші курс студенті қайтыс болғаннан кейін Ғылым және жоғары білім министрлігі оқу орнын кешенді тексеруге кіріспек, деп хабарлайды Politico.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, ҚазҰУ-ға арнайы мониторинг тобы жіберіледі.
«Жастар ортасында студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне кешенді тексеру жүргізеді.
ҚазҰУ-ға мониторингтік топ жіберіледі. Топ студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өмірі мен денсаулығын қорғау бөлігінде заңнама мен ішкі құжаттар талаптарының сақталуын зерделейді, сондай-ақ тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін бағалайды.
Жанжалды жағдайларды анықтау мен алдын алудың, студенттердің өтініштеріне уақтылы ден қоюдың және оларға психологиялық көмек көрсетудің қолданыстағы тетіктеріне ерекше назар аударылады.
Тексеру қорытындысы бойынша студенттік ортада қауіпсіздікті арттыру және профилактика жүйесін жетілдіру жөнінде қосымша шаралар әзірленеді», – делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ-дың бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртайдың жатақханада қайтыс болғаны белгілі болды. Бұған дейін, 6 қарашада, осы университеттің бірінші курсында оқитын қыздың да қайтыс болғаны хабарланған еді.
Екі жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Дауыл Бәкіртайдың өліміне қатысты күдікті ұсталды.
Ал 17 қарашада университет басшылығы проректор мен деканның қызметінен босатылғанын хабарлады.
Соңғы жаңалықтар