"Әрқайсына үй алып бергенмін": Марат Омаров әйелдері мен балалары туралы шындықты айтты
Танымал әнші әрі композитор Марат Омаров бірнеше рет шаңырақ көтергенін ашық айтып, бұрынғы жұбайларымен және балаларымен қазіргі қарым-қатынасы туралы сыр шертті, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналист Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасына берген сұхбатында өнер иесі ажырасқанына қарамастан, барлық жұбайларымен сыйластықты сақтап қалғанын және әрқайсысын баспанамен қамтамасыз еткенін жеткізді:
«Әрқайсының өз шаңырағы бар. Үй алып бергенмін. Ол — менің еркектік парызым. Зүлфияның анасына да үй сыйлап кеткенмін. Перизаттың да олармен қарым-қатынасы жақсы. Енді бұл — тағдыр ғой. Балалар бәрін түсінеді. Бибімәриямның да аға-әпкелеріне көзқарасы өзгерді. Туыстық деген бәрібір өзіне тартады екен», — деді композитор.
Марат Омаровтың айтуынша, бүгінде барлық балалары бір-бірімен тату, отбасылық жиындарда бір дастарқан басына жиналады. Әнші мұны әйелдерінің парасаттылығымен байланыстырды:
«Балаларымның бір-бірімен тату болып, бір дастарқан басында отыра алуы, біріншіден, әкеге деген құрмет болса, екіншіден, жеңгелеріңнің даналығы деп ойлаймын. Жеңгелерің де жас емес, ақыл тоқтатқан кісілер. Қарым-қатынасымыз жақсы», — деді өнер иесі.
Сондай-ақ композитор әр некесінің қанша уақытқа созылғанын да жасырмай айтып берді:
«Бірінші жеңгеңмен 21 жасымда үйлендім. 1980 жылдан 1992 жылға дейін бірге тұрдық. Зүлфиямен екі жылдай тұрдым. Ол Алматыға келгісі келмеді. Шымкентте бауырлары, отбасы болды. Сөйтіп, сонда қалды. Қазір де сонда тұрады. Ал 1999 жылдан бастап Перизат жеңгеңмен заңды некеде тұрып келемін», — деді Марат Омаров.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2020 жылы әншінің бірінші жұбайы Шаттық Назарова «Астарлы ақиқат» бағдарламасында Марат Омаровпен 11 жыл отасқанын, ортақ үш балалары (Зарина, Мадина, Азамат) барын айтқан еді. Ол күйеуінің екінші рет үйленуіне өз рұқсатын бергенін және оның өзге некелерінен туған балаларымен жақсы араласатынын жеткізген болатын.
Соңғы жаңалықтар