Атырауда бір жасар сәби көз жұмды
Атырау облысында бір жасар сәби қайтыс болды. Жалпы тәжірибелік дәрігер Жұлдыз Қоспанованың айтуынша, балаға туа біткен жүрек ақауына байланысты қызылшаға қарсы екпе салынбаған. Дәрігер бұл қайғылы оқиға туралы Threads әлеуметтік желісінде жазғанымен, кейін жазбасын өшіріп тастаған, деп хабарлайды Politico.kz.
«Бүгін, 16.11.2026 жылы сағат күндізгі 3-те Атырау облысында бір жасар бала қызылша инфекциясынан қайтыс болды. Ата-анасы ТБЖА, ҚАА (туа біткен жүрек ақауы, қарыншааралық перденің ақауы – ред.) диагнозына байланысты вакцинациядан бас тартқан, кардиохирург балаға екпе салуға тыйым салған», – деп жазды Қоспанова.
Дәрігердің сөзіне қарағанда, дәл осы жүрек ақауы диагнозы екпеден бас тартуға себеп болған. Бұған дейін Қоспанова сәбидің қызылшамен ауруханаға түскенін хабарлап, «Жазылып кетеді деп үміттенемін» деп жазған еді.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы сәбидің қайтыс болғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, 14 қараша күні бала Жылыой аудандық ауруханасынан санитарлық авиациямен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына шұғыл жеткізілген. Науқас стационарға өте ауыр хәлде түскен. Негізгі аурудың аясында екі жақты пневмония, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр асқынулар дамыған. Дәрігерлер қарқынды терапияның толық кешенін жүргізгенімен, сәбиді аман алып қалу мүмкін болмады.
Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми хабарламасында баланың нақты жасы, қызылша диагнозының зертханалық түрде расталған-расталмағаны және дәрігер Жұлдыз Қоспанова айтқан екпеден бас тарту мән-жайы көрсетілмеген.
Облыстағы эпидемиологиялық ахуал
Денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың 1 қазаны мен 17 қарашасы аралығында Атырау облысында зертханалық түрде расталған 45 қызылша жағдайы тіркелген. Былтыр дәл осы кезеңде 78 жағдай анықталған болатын (көрсеткіш шамамен 42%-ға төмендеген).
Қазіргі уақытта стационарда қызылша диагнозы расталған немесе ауруға күдікті 7 науқас ем қабылдап жатыр. Олардың төртеуінде диагноз зертханалық түрде расталса, үш жағдай әлі де күдік тудырып отыр. Ауруханаға жатқызылған науқастардың басым бөлігі қызылшаға қарсы екпе алмаған.
Соңғы жаңалықтар