900 млн теңгеге салынған жол көктемге жетпей қармен бірге еріп кетті

31.10.2025 12:03 Арман Ермеков
900 млн теңгеге салынған жол көктемге жетпей қармен бірге еріп кетті
0
138
Фото: time.kz

Қарағанды облысындағы Қарабұлақ ауылына апаратын жаңа тасжолдың сапасы сын көтермейді. Тұрғындардың айтуынша, екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген жолдың бүгінде тоз-тозы шыққан. Ал жұмысқа жауапты мердігер – банкроттар тізімінде, деп хабарлайды POLITICO.KZ Time.kz-ке сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындар бұл жолдың салынуын нағыз мерекеге балағандарын айтады. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмапты: көктемде төселген асфальт қармен бірге еріп кеткен. Қазір теп-тегіс жолдың орнында тек шұңқырлар мен жарықшалар ғана қалған. Облыстық маңызы бар тасжолмен байланыстыратын Қарабұлаққа кіреберіс жол, екі жыл бұрын тапсырылған нысаннан гөрі, соғыстан кейінгі полигонды еске салады.

Балқантау ауылдық округіндегі бұл жолдың жөндеуі 2023 жылдың күзінде аяқталған. Жұмысты «Bakzhol NS» ЖШС жүргізіпті. Тұрғындардың сөзінше, 9 шақырымдық жобаға 900 миллионнан астам теңге бөлінген. Алайда, тұрғындар асфальттың суықта төселгенін, мердігердің алдымен техника, содан кейін жұмысшы таба алмай әбігерге түскенін әлі ұмытпаған.

Көктемде жабын бұзыла бастағанда, мердігер кейбір ақауларды жойған. Бірақ бір жылдан кейін жағдай қайталанды.

«Бір кездері бұл жолды өзіміз қолдан шұқалап, жөндейтінбіз. Әйтеуір күрделі жөндеу жасады ғой деп ойладық. Бірақ мердігердің шамасы келмейтіні басынан-ақ көрініп тұрды: техникасы аз, адамы аз, жұмысшыларды жергілікті тұрғындардан жинады. Естуімізше, оларға ақшасын да төлемеген. Ал енді фирманың өзі банкрот. Енді кім жауап береді?» — дейді жергілікті белсенділер.

Келісімшарт бойынша жөндеу жұмыстарына берілетін кепілдік мерзімі – екі жыл. Ол осы маусымда аяқталады. Егер мердігер шынымен банкротқа ұшыраса, жолды қалпына келтіру мүмкіндігі де болмайды. Тұрғындар ауданмен байланыстыратын жалғыз жолдан айырылып, оқшауланып қаламыз ба деп қорқады. Олардың айтуынша, егер жол толығымен бұзылса, автобустар қатынауын тоқтатады.

Балқантау ауылдық округінің әкімі Ерсайын Қобланды мәселенің барын растап, тұрғындардың дабылы орынды екенін мойындады.

«Бұл жол ұзақ жылдар бойы жөнделмеген. Қаражат бөлінгенде, расымен, бәріміз қуандық. Бірақ кейіннен ақаулар шыға бастады. Біз тапсырыс берушіге – ТҮКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөліміне бірнеше рет хабарластық, мердігер бұзушылықтарды жойсын дедік. Олар уәде берген. Әрине, бізді де жолдың жағдайы алаңдатады, өйткені өзіміз де осы жолмен жүреміз. Мердігердің банкрот болғаны-болмағаны бізге беймәлім», — деді ол.

Ал аудандық ТҮКШ бөлімі бұл жөндеу күрделі емес, орташа жөндеу болып саналғанын түсіндірді. Ведомствоның хабарлауынша, «Bakzhol NS» ЖШС екі жыл мерзімге кепілдік міндеттемелерін атқарады.

«Анықталған ақауларға байланысты кемшіліктерді жою туралы талаппен ресми хабарлама жіберілді. Қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мәселесі мердігер өкілдерімен талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», — деп хабарлады мекеме.

Алайда, тұрғындар шенеуніктердің бұл сөзіне сенбей отыр.

«Орнында бақылау бар дейді. Бір маусымнан кейін асфальт қабат-қабат болып көшіп жатса, бұл қандай бақылау?! Біздің ауылда бәрі біледі: егер асфальтты жаңбырда және суықта төсесе, ол тұрмайды!» — деп ашуланады жергілікті өзін-өзі басқару мүшелері.

Мәселені ушықтырып тұрған бір жайт – мемлекеттік ресурстардың дерегінше, мердігер компания қазір банкроттық сатысында. Бұл дегеніміз, ақауларды жоюды, шығынды өтеуді талап ететін ешкім болмауы мүмкін.

Десе де, тұрғындар бұнымен келіспек емес.

«Бұл облыстық маңызы бар жол екенін және ауыл әкімдігі бұл жерде басты тұлға емес екенін түсінеміз. Бірақ тапсырыс беруші, қадағалаушы органдар бар ғой. Неге осы "халтураны" уақытында тоқтатуға болмады? Егер мердігер төлемесе, кім төлейді? Сонда миллиардқа жуық бюджет қаражатын жай ғана батпаққа көміп тастағаны ма!» — дейді олар.

Қазақстан тұтынушыларының «Гарант» республикалық қауымдастығының басшысы Жасұлан Айтмағанбетовтың пікірінше, жолдың бұзылуына көбінесе жөндеу жұмыстары кезінде техникалық регламенттің бұзылуы себеп болады. Құқық қорғаушы жолдың жай-күйі – бұл тек техникалық мәселе ғана емес, сонымен бірге заңның сақталуы мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігінің көрсеткіші екенін атап өтті.

«Жол жөндеуден кейін бірнеше айдан соң бұзылмауы керек. Жолдың нашар жағдайын көрген әрбір азамат полицияға жүгінуге құқылы», — деді Жасұлан Айтмағанбетов.

Оның айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 631-бабында жауапкершілік нақты көрсетілген: лауазымды тұлғалар жолдардың күтімін қадағалауға міндетті. Мұнда бюджетте ақша жоқ деген сылтаулар жұмыс істемейді.

«Тәжірибеде азаматтардың өтініштері тіркелгенімен, органдар бірден әрекет етпейтін кездер болады. Кейде реакцияға қол жеткізу үшін прокуратура арқылы қайта жүгінуге тура келеді. Бірақ заңнамада бәрі анық: жауапкершілік бар, одан жалтаруға болмайды. Мен жеке өзім осындай үш өтініш жаздым, екеуі бойынша оң шешім қабылданып, біреуі әлі жұмыста», — деп кеңес берді тұтынушылардың құқығын қорғаушы.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий