Жүргізушісі есінен танып қалған: Теміртауда жолаушылар автобусы апатқа ұшырады
Теміртау қаласында жолаушылар автобусы жол апатына ұшырап, 64 жастағы жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамның көлік тізгінінде келе жатқанда денсаулығы сыр беріп, есінен танып қалған. Автобус ішінде болған 15-ке жуық жолаушы зардап шеккен жоқ.
Оқиға 14 қараша күні сағат 10:30 шамасында болған. Yutong маркалы жолаушылар автобусы қозғалыс кезінде кенеттен басқарудан шығып, жол бойындағы ағашқа соғылған.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, автобус жүргізушісінің жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған. Салдарынан көлік қозғалысын жалғастырып, ағашқа соғылған. 64 жастағы ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Апат кезінде автобустың ішінде шамамен 15 жолаушы болған. Абырой болғанда, олардың ешқайсысы зардап шекпеген.
Аталған дерек полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар