Шымкентке ұшқан ұшақ Түркістанға қонуға мәжбүр болды: Air Astana рейсінде не болды?
Астанадан Шымкентке бағыт алған Air Astana әуе компаниясының ұшағы қолайсыз ауа райына байланысты межелі әуежайға қона алмады, деп хабарлайды Politico.kz.
Соның салдарынан әуе кемесі Түркістан қаласына бағытталып, жолаушылар Шымкентке автобуспен жеткізілді.
Оқиға KC341 Астана – Шымкент рейсінде болған. Жолаушылардың айтуынша, ұшақ Шымкентке түнгі сағат 23:50-де қонуы керек болған. Алайда бағыттың өзгеруіне байланысты олар діттеген жеріне тек таңғы сағат 05:00 шамасында жеткен.
Жолаушылардың бірі Түркістанға қонғаннан кейін барлығын автобусқа отырғызғанын айтты. Оның сөзінше, автобустың іші суық болған. Әсіресе, арасында балалардың да болғаны жолаушыларға қолайсыздық туғызған.
Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі рейстің бағыты өзгеруіне Шымкент әуежайындағы үсік тұманы себеп болғанын түсіндірді. Ауа райының қолайсыздығынан көріну қашықтығы ұшақты қауіпсіз қондыруға қажетті ең төменгі көрсеткіштен төмендеген.
Осыған байланысты KC341 рейсі Түркістан әуежайына бағытталған. Ал Шымкенттен Астанаға ұшуы тиіс KC342 кері рейсі де Түркістан әуежайынан орындалған.
Әуе компаниясының мәліметінше, жолаушылар автобуспен Түркістанға жеткізіліп, екі рейстің бағытына өзгеріс енгізілген.
Соңғы жаңалықтар