Тоқаев әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның қатарына енді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылман» халықаралық рейтингіне енді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы 2027 жылғы тізімде «Саясат» санаты бойынша көрсетілген.
Аталған рейтингті Иорданиядағы Корольдік ислам стратегиялық зерттеулер орталығы жыл сайын жариялайды. Жоба әлемдегі мұсылман қауымдастығына ықпалы зор тұлғаларды анықтауға бағытталған.
Биылғы рейтингте Қазақстандағы саяси реформаларға, соның ішінде 2022 жылы енгізілген Конституциялық өзгерістерге ерекше назар аударылған. Басылымда президент өкілеттігін шектеу, Мемлекет басшысының жақын туыстарына жоғары мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салу секілді өзгерістер атап өтілген.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы президент сайлауында 81,31 пайыз дауыс жинап, жеті жылдық мерзімге сайланғаны көрсетілген.
Рейтинг авторлары Қазақстанның конфессияаралық диалогты дамытуға қосқан үлесіне де тоқталған. Атап айтқанда, Астанада тұрақты түрде ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, сондай-ақ мұсылман әлемімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамалар назарға алынған.
Айта кетейік, The Muslim 500 рейтингінің 2027 жылғы шығарылымында алғашқы орынды бес көшбасшы бөліскен. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев «Саясат» санатында әлемдік мұсылман қауымдастығына ықпалы бар тұлғалардың бірі ретінде тіркелді.
Соңғы жаңалықтар