95 көліктің қатысуымен болған апаттың тергеуі басталды
Астана – Петропавл трассасында болған жаппай ЖКО-ға байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
3 қаңтар күні сағат 13:28-де Жанаталап ауылы маңында Астана – Петропавл тас жолының 153-шақырымында 95 көліктің қатысуымен жаппай жол-көлік оқиғасы болды. Полицияның мәліметінше, оқиғаға жүргізушілердің арақашықтықты сақтамауы және жылдамдық режимін бұзуы себеп болған.
"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі – "Көлік құралдарын пайдалану кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзу" және 353-бабының 1-бөлігі – "Көліктегі қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында апаттың барлық мән-жайы анықталатын болады", – деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаменті.
Оқиға орнында апаттық-құтқару жұмыстары барысында 86 адам, оның ішінде 14 бала құтқарылып, оларды жолай өткен көліктермен және теміржол көлігімен Астанаға жеткізген.
Медицина мекемелеріне 21 адам жүгініп, олардың 11-і ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жалғасуда.