Ғылымға бөлінген миллиардтар: «Заң мен тәртіп» аясында ауқымды қаржылық заңбұзушылықтар әшкереленді

Ғылымға бөлінген миллиардтар: «Заң мен тәртіп» аясында ауқымды қаржылық заңбұзушылықтар әшкереленді
Фото: Politico.kz/Максим Золотухин

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы ғылым саласын тексеріп, 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығын анықтады. Бұдан бөлек, тағы 47 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланғаны және жұмсалғаны белгілі болды. Мемлекет ғылымға бөлінетін қаржыны жыл сайын көбейтіп жатқанымен, миллиардтаған теңге жұмсалған көптеген жоба күткен нәтижеге жетпеген, деп хабарлайды Politico.kz.

Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, 2022–2025 жылдар аралығында Қазақстанның ғылымға жұмсайтын шығыны 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Алайда тексеру бюджеттен бөлінген қаржы мен ғылыми жобалардың нақты нәтижесі арасында үлкен айырмашылық бар екенін көрсетті.

Әсіресе ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге қаржы бөлетін Ғылым қорының жұмысында елеулі кемшіліктер анықталған.

Аяқталған 141 жобаның тек 38-і ғана тұрақты сатылымға шығып, табыс әкеле бастаған. Ал жалпы құны 22 млрд теңге болатын қалған 103 жоба өнім өндіру және сату бойынша жоспарланған көрсеткіштерге жете алмаған.

Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру көрсеткіші бастапқыда 44% деп көрсетілген. Алайда есепті жылдағы салыстырмалы есептеу нәтижесінде нақты көрсеткіш небәрі 16% болған.

Ғылыми жобаларға қаржы бөлу кезінде де күмәнді жағдайлар анықталған.

Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52 млрд теңге болатын 127 жобаның зерттеу топтарына қатысқан. Оның ішінде 27 кеңес мүшесі ғылыми жобалардың жетекшісі болған.

Аудиторлар мұндай жағдай мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін екенін ескертті.

Бұдан бөлек, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы 79 жобаға шығындар толық нақтыланбастан 62 млрд теңге бөлінген.

Тексеру барысында жоба орындаушылары жұмыстың түпкілікті нәтижесі бағаланбай тұрып-ақ бөлінген қаржының 96–98%-ын ала алғаны белгілі болды. Яғни мемлекет ғылыми жобаның нәтижесіне толық көз жеткізбей, оған қарастырылған қаражаттың басым бөлігін аударуға мүмкіндік берген.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қандай шаралар қабылданады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанып отырған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында бұл заңбұзушылықтарға құқықтық баға беру мәселесі де өзекті болып отыр.

Жоғары аудиторлық палата тексеру қорытындысы бойынша 36 деректі әкімшілік жауапкершілік мәселесін қарау үшін тиісті органдарға жолдаған. Тағы үш дерек бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданған.

Енді бұл істерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар-жоғын және нақты кімдердің жауапты екенін құзырлы органдар анықтауға тиіс.

Ауқымды аудиттің нәтижесі жарияланған тұста Ғылым және жоғары білім министрлігінде кадрлық өзгеріс те болды.

13 қарашада Үкімет қаулысымен ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова қызметінен босатылды. Ол жетекшілік еткен бағыттардың арасында ғылым саласы да болған. Алайда оның қызметтен кетуінің Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеруге қатысы бар екені ресми түрде расталған жоқ.

Аудит нәтижесі ғылымға бөлінетін миллиардтаған теңгенің қалай жұмсалатынын бақылау және жобалардың нақты нәтижесін бағалау мәселесін алға шығарды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында анықталған заңбұзушылықтарға құқықтық баға берумен қатар, мемлекеттік қаржыландыру жүйесіндегі кемшіліктерді жою да маңызды мәселе болып отыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу