Басшысы ұсталған ҚТЖ тергеуге көмектесетінін мәлімдеді

Басшысы ұсталған ҚТЖ тергеуге көмектесетінін мәлімдеді
Коллаж: Politico.kz

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Компания құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын және тергеуге қажетті барлық құжат пен мәліметті беретінін хабарлады.

««Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ («ҚТЖ» ҰК» АҚ) «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы мен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасын ұстау туралы 2026 жылғы 12 қарашадағы жария хабарламаны сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде назарға алады.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде қажетті өзара іс-қимылды және сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсынуды қамтамасыз ете отырып, құқық қорғау органдарына жан-жақты жәрдем көрсетеді.

Осы хабарламаны дайындау кезінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ жария түрде айтылғаннан басқа, осы мәселе бойынша ақпаратқа ие емес. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мәліметтері жария етілуге жатпайды. Осыған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ осы кезеңде қосымша түсініктемелер бере алмайды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ және «ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниялар тобы өз қызметін штаттық режимде жүзеге асыруды жалғастыруда және «ҚТЖ» ҰК» АҚ инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары мен іскерлік әріптестер алдындағы барлық міндеттемелердің өз күшін сақтап қалатынын және қолданыстағы келісімдердің талаптарына сәйкес орындалатынын растайды», – делінген компания хабарламасында.

Еске салайық, 11 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны белгілі болды. Кейін бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады. Ведомствоның мәліметінше, екі басшы мен тағы бірнеше адам сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Тергеудің мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қоры да тергеу органдарына көмектесіп жатқанын және жұмысын әдеттегі тәртіппен жалғастыратынын хабарлаған. ҚТЖ да басшысы ұсталғаннан кейінгі алғашқы мәлімдемесінде барлық міндеттемесін орындайтынын айтқан еді.

13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында осы ұсталу оқиғаларын талқылады. Мемлекет басшысы ұлттық компанияларда сыбайлас жемқорлыққа қатысты күрделі мәселелер бар екенін айтып, ҚТЖ жұмысын сынға алды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу