Абай облысында ELL QUATY қаржы пирамидасының жолы кесілді
Абай облысында «ELL QUATY» қаржы пирамидасының қызметіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, аталған ұйым өзін тұтыну кооперативі ретінде таныстырып, заңсыз әрекеттерін жүзеге асырған. Ұйымдастырушылар азаматтарды баспана мен темір тұлпарға қол жеткізудің оңай жолы бар деп сендірген. Олардың уәдесі бойынша, кооперативке мүше болып, пайлық жарна құйған адам үй мен көлікті пайызсыз, бөліп төлеу шартымен ала алатын еді.
Алаяқтық схеманы жүргізушілер халықтың сеніміне кіру үшін түрлі айла-шарғыларды қолданған. Олар интернет кеңістігін, әсіресе әлеуметтік желілерді белсенді пайдалана отырып, «Әр отбасыға – бақыт!» ұранымен жарнама таратқан. Өздерін халыққа жақын, әлеуметтік бағыттағы кооператив ретінде көрсетуге тырысқан. Бастапқыда ұйым «HALYK QUATY» атауымен жұмыс істеген. Алайда, танымал «HALYK» тауар белгісін заңсыз иемденгені үшін әкімшілік жауапқа тартылған соң, амалсыздан атауын «ELL QUATY» деп өзгертуге мәжбүр болған.
Жаңа салымшыларды тарту мақсатында ұйымдастырушылар маркетингтік науқандарды да жиі өткізіп тұрған. Тіпті, адам қызығарлықтай «Солнечная Турция» туристік жолдамаларын ұтысқа тігіп, жұртшылықты еліктірген.
Жиналған қаражатты жылыстатудың да арнайы жоспары құрылған. Күдікті өз атына «QAZ INFO MARKET» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тіркеп, салымшылардан түскен қаржыны осы компанияға аударып отырған. Құжат жүзінде бұл ақша «кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер» үшін төлем деп көрсетілгенімен, іс жүзінде ешқандай жұмыс атқарылмаған.
Нәтижесінде бұл қаржы пирамидасына 1,5 мыңнан астам азамат тартылып, олар жалпы сомасы 6,8 миллиард теңге қаржы салған. Қазіргі уақытта заңсыз бизнесті ұйымдастырушы қамауға алынды, тергеу амалдары жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар