«Екінші Шымкент, айнала толған мамбеттер»: Астанада депутаттыққа үміткердің аудиосы шу шығарды

«Екінші Шымкент, айнала толған мамбеттер»: Астанада депутаттыққа үміткердің аудиосы шу шығарды
Фото: BES.media

Астанада мәслихат депутаттығына үміткер, саясаттанушы Владислав Сергеевтің атына қатысты дау туындады, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде оның елорданың Оңтүстік-Шығыс ауданы тұрғындары туралы айтқан делінетін аудиожазбасы тарады. Онда жергілікті халыққа қатысты кемсітетін сөздер қолданылған. Алайда Сергеев бұл жазбадағы дауыс өзіне тиесілі емес екенін айтып, аудио жасанды интеллект арқылы жасалуы мүмкін деген болжам білдірді.

Оқиға Threads әлеуметтік желісіндегі жазбадан кейін белгілі болды. Өзін «Әділет» партиясының еріктісі ретінде таныстырған қолданушы партия кураторларының біріне жіберілген делінетін аудиохабарламаны жариялаған.

Жазбада үгіт жұмысына қатысатын еріктілерге тұрғындармен қазақ тілінде сөйлесу тапсырылғаны айтылады. Сонымен қатар аудиода Оңтүстік-Шығыс ауданы «екінші Шымкент» деп сипатталып, тұрғындарға қатысты қорлайтын сөздер айтылған.

Жарияланым авторының болжамынша, куратор аудиохабарламаны толық тыңдамай, еріктілердің ортақ чатына жіберіп қойған. Осылайша, кандидаттың тұрғындар туралы айтқан делінетін пікірлері көпшілікке тараған.

Араға біраз уақыт салып, Сергеев ресми түсініктеме жолдады. Ол тараған аудиодағы дауыс өзіне тиесілі емес екенін мәлімдеді.

«Таралып жатқан аудиожазба жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Үгіт-насихат жұмысын сенімді өкілдеріммен бірлесіп жүргізіп жатырмын. Еріктілерді бұл жұмысқа тартқан жоқпын. Жағдайдың мән-жайын анықтауға құқық қорғау органдары қосылды. Тексеру жүргізу үшін қажетті көмек көрсетуге, соның ішінде жеке телефонымды ұсынуға дайынмын», – деді ол.

Сондай-ақ саясаттанушы Қазақстан заңнамасында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Ол тексеріс аяқталғанша расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.

Сергеевтің айтуынша, тексеру нәтижесі бойынша қосымша ақпарат беріледі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу