Қазақстандық мұғалім Рамзан Қадыровтан оқушылар үшін көмек сұрады
Қазақстандағы мектеп директорының орынбасары шешен басшысы Рамзан Қадыровтан оқушыларды Шешенстанға апаруға көмектесуді сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл бастама 24 қарашада өткен Шешенстан басшысының жыл сайынғы тікелей эфирі кезінде көтерілді.
Өтініш білдірген – Шешенстанда дүниеге келген, қазір Қазақстанда тұрып, мектепте директордың орынбасары болып жұмыс істейтін Ахмат Мучулаев.
Ол «Арманға апарар жол» («Дорога к мечте») атты білім беру жобасын жүзеге асыруды ұсынған. Жобаның мақсаты – қазақстандық оқушыларға шешен халқының тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыру. Педагогтың айтуынша, балалар республиканы өз көзімен көріп, жергілікті көрікті жерлерді аралап, тұрғындардың өмірімен жақынырақ танысқысы келеді.
Осыған байланысты Мучулаев Шешенстан басшылығынан оқушыларды орналастыруға және экскурсиялық бағдарлама ұйымдастыруға қолдау көрсетуді өтінген.
Рамзан Қадыров бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, мәселені бақылауға алуды Шешенстан үкіметі төрағасының орынбасары, ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ильман Вахидовке тапсырған. Ол оқушылардың сапарын ұйымдастыруға қажетті көмек көрсетуді жүктеді.
Тікелей эфирден кейін Қадыров келіп түскен өтініштердің қаралуы жалғасатынын мәлімдеді.
«Әрбір өтініштің қаралуы мен берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауда ұстаймыз», – деп жазды ол.
Әзірге бұл тек ұсыныс деңгейінде қалып отыр. Оқушылардың сапарға нақты қашан баратыны, қанша баланың қатысатыны және жол жүру шарттары әзірге белгісіз.
Қазақстандық оқушыларды Шешенстанға апару туралы ақпарат әлеуметтік желілерде де талқыланып жатыр. Threads қолданушыларының бірі Ресей мен Украина арасындағы соғыс әлі жалғасып жатқанын ескеріп, мұндай сапардың қауіпсіздігіне қатысты күмән келтірген.
Қазіргі уақытта сапардың бағыты, балалардың тұратын орны мен оларды алып жүретін жауапты тұлғалар туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.
Соңғы жаңалықтар