Абай облысындағы жол апаты: Дәрігерлер үш баланың өмірі үшін күресіп жатыр

Денсаулық сақтау министрлігі Бестерек ауылындағы қайғылы оқиғадан кейін ауруханада жатқан балалардың жағдайы туралы соңғы ақпаратты жариялады.
Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Үржар ауданының орталық ауруханасында үш бала ем қабылдап жатыр. Олардың бірінің жағдайы өте ауыр деп бағалануда, ал қалған екі баланың халі – тұрақты ауыр.
Балаларға бас-ми жарақаты, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзаларының жарақаттары диагнозы қойылды.
Балалардың жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды әуе көлігімен Астанаға жеткізу мәселесі шешіледі.
Науқастардың біріне қазір дәрігерлер бригадасы бас миына күрделі нейрохирургиялық операция жасап жатыр, ішкі ағзалардан қан кету тоқтатылды.
Іске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, оның тікелей тапсырмасымен аймаққа еліміздің үздік дәрігерлерінен құралған медициналық топ шұғыл түрде жеткізілді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға кеше, 19 тамыз күні Абай облысы, Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында болған. «Toyota» көлігінің жүргізушісі үйдің қасында ойнап жүрген балаларды қағып кеткен. Салдарынан үш бала оқиға орнында көз жұмып, тағы үшеуі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді.
Соңғы жаңалықтар





