«Абыз» кен орнында терең бұрғылау жүріп жатыр – «Қазақмыс» барлау жұмысын жандандырды
Қарағанды облысындағы «Абыз» алтын-полиметалл кен орнында жоспарланған бұрғылау жұмысының жартысынан астамы орындалды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Қазақмыс» корпорациясының хабарлауынша, жалпы көлемі 5 100 метр болатын бағдарламаның 2 600 қума метрден астамы бұрғыланған.
Бағдарлама бойынша тереңдігі 800-ден 1 200 метрге дейін жететін алты ұңғыма қазылады. Бұрғылау кезінде алынған тау жынысы үлгілері, яғни керн кешенді геологиялық зерттеуден өтеді. Компания осы зерттеу арқылы кен орнының терең қабаттары қалай орналасқанын нақтылап, әрі қарай барлауға болатын учаскелерді анықтауды көздеп отыр.
Корпорацияның түсіндіруінше, терең бұрғылау қолданыстағы кен орындарының әлеуетін бағалауға, минералдық шикізат қорын дамытуға және келесі барлау жұмыстарының бағытын белгілеуге қажет.
«Қазақмыс» 2026 жылы жаңа басқару командасы келгеннен кейін геологиялық барлауды күшейтіп, өзі жұмыс істейтін өңірлердегі болашағы бар учаскелерді зерттеу ауқымын кеңейткенін хабарлады.
«Абыздағы» терең бұрғылау бағдарламасын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Соңғы жаңалықтар