Адам өмірі жоспардан маңызды. «Қазақмыс» зауыттарында жаңа ереже пайда болды
«Қазақмыс» компаниясы жұмысшыларға қауіп төнген сәтте өндірісті тоқтатуға толық рұқсат беріп, адам өмірін сақтау мақсатында арнайы 5 минуттық үзіліс жариялауды міндеттеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Нұрқазған кеніші мен Балқаш мыс балқыту зауытында, сондай-ақ өзге де кәсіпорындарда басшылық пен жұмысшылар арасындағы жаңа форматтағы кездесулер басталды.
Бұл бастама өндірістегі жарақат алу деректерін толықтай жою үшін жасалып отыр, енді жұмыс барысында қысқа үзіліс жасау арқылы қызметкерлердің назары ең алдымен қауіпсіздікке аударылады.

Тәжірибе көрсеткендей, өндірістегі ауыр жағдайлар көбіне ережені білмегеннен емес, асығыстық пен қауіпті сәтте жұмысты тоқтатпаудың салдарынан болады. Осындай қысқа әрі мәнді үзілістер ұсақ қателіктерді дер кезінде байқап, адам өміріне қауіп төндіретін ауыр зардаптардың алдын алуға көмектеседі.
Бұдан былай жұмысшылар қауіпті байқаған кез келген жағдайда өз міндеттерін тоқтатуға құқылы, ал мұндай қадам үшін оларға ешқандай жаза қолданылмайды, қайта бұл әрекет кәсіби жауапкершілік саналады.
Аталған шара корпорацияның 2026-2028 жылдарға арналған қауіпсіздік стратегиясы аясында қабылданып, биылғы 2026 жыл компанияда қауіпсіздік жылы болып жарияланды.
«Өмір мен денсаулыққа қауіп төнген жағдайда жұмыс істеуге жол берілмейді. Өндірістік жоспар тек қауіпсіздік талабы қатаң сақталған кезде ғана жүзеге асырылуы тиіс», – деді «Қазақмыс корпорациясы» серіктестігінің басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.
Соңғы жаңалықтар