ҰҚК «Еңбек» кәсіпорнының басшыларын ұстады – БАҚ
Қазақстанда сотталғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге жауапты «Еңбек» кәсіпорнының екі басшысы ұсталды деген ақпарат шықты. Оларды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері ұстаған болуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы «БӘСЕ» басылымы Telegram арнасында өз дереккөздеріне сүйеніп хабарлады.
Басылымның мәліметінше, 5 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ермек Шұрманов пен кәсіпорынның тамақтандыру басқармасының басшысы Фуркат Худайбергеновті ұстаған.
«БӘСЕ» дереккөздерінің айтуынша, екеуі де қызметтік кабинеттерінде ұсталған. Оларға азық-түлік сатып алу және жеткізу ісіне байланысты жемқорлық жасады деген күдік келтіріліп отыр.
Басылым Шурмановтың бұл қызметке ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тұсында тағайындалғанын жазды. Одан кейін сотталғандарды азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесі едәуір өзгерген көрінеді.
Атап айтқанда, бұрын түзеу мекемелеріне азық-түлікті 8 жеткізуші тасымалдаса, кейін бұл жұмыс бір ғана жеткізушінің қолына шоғырланған, деп мәлімдейді басылым дереккөздері.
Сондай-ақ «БӘСЕ» бұған дейін Қазақстан түрмелерінде сотталғандарды тамақпен қамтамасыз етуде елеулі мәселелер туындағанын хабарлаған. Басылым осы жағдайлар ҰҚК қызметкерлерінің назарын аударған болуы мүмкін деп жазады.
Дегенмен кәсіпорын басшыларының ұсталғаны да, оларға қатысты айтылған жемқорлық күдігі де әзірге ресми расталмады.
Politico.kz ақпараттың анық-қанығын білу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) ресми сауал жолдады.
Соңғы жаңалықтар