Ақтауда еден жуушының шелегін тепкен мұғалім жұмыстан қуылды
Ақтаудағы жекеменшік Tulpar School мектебінде болған жанжал әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға кезінде мектеп қызметкері еден жуушының шелегін теуіп, ішіндегі суды төгіп тастаған. Осы жағдайдан кейін әйел жұмыстан босатылды.
Маңғыстау облысының білім басқармасы оқиғаға қатысты тексеру жүргізілгенін хабарлады. Тексеру нәтижесінде жанжалдың 16 қазанда болғаны анықталған.
Білім басқармасының мәліметінше, мектеп қызметкері еден жуушыдан директордың кабинетін тазалауды сұраған. Алайда еден жуушы бұл тапсырманы орындаудан бас тартып, дөрекі сөйлегеннен кейін кабинеттен шығып кеткен.
Бұған ашуланған мектеп қызметкері еден жуушының шелегін аяғымен теуіп, ішіндегі суды төгіп тастаған. Кейін бұл сәт түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралып, көпшіліктің назарын аударды.
Сондай-ақ тексеру барысында жанжалға қатысқан әйелдің мектепте қосымша факультатив сабақтарын да өткізгені белгілі болды. Педагогикалық әдеп талаптарын бұзғаны үшін онымен жасалған еңбек шарты тоқтатылған.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде жұмыстан шығарылған қызметкердің лицей директоры Халеф Челиктің жұбайы екені туралы ақпарат тарады. Алайда әзірге бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ.
Соңғы жаңалықтар