«Кезексіз кіргізіп беремін»: Баласын балабақшаға кіргізбек болған ата-аналарды алдаған әйел ұсталды
Астанада мемлекеттік балабақшаларға балаларды кезектен тыс орналастырып беремін деп ата-аналарды алдаған 33 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазіргі уақытта оның алаяқтық әрекетіне қатысты 10 дерек анықталған.
Күдікті әлеуметтік желілер арқылы өзіне құрбан іздеген. Ол мемлекеттік балабақшалар туралы жарияланымдардың астына пікір қалдырып, ата-аналарға көмектесуді ұсынған.
Әйел азаматтардың сеніміне кіріп, балаларын мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарға кезексіз орналастырып беруге уәде еткен. Алайда бұл қызметі үшін ата-аналардан ақша талап етіп, қаражатты өзінің жеке банк шотына аудартқан.
Кейін түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта полиция күдіктінің заңсыз әрекетіне қатысты 10 эпизодты анықтаған. Сонымен қатар келтірілген материалдық шығын көлемі есептеліп, әйелдің осыған ұқсас басқа да алаяқтық деректеріне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция тергеу амалдарын жалғастыруда.
Соңғы жаңалықтар