Ақтауда тұрғындар жылусыз қалды: Ашынған жұрт жолды жабуға тырысқан

Ақтауда тұрғындар жылусыз қалды: Ашынған жұрт жолды жабуға тырысқан
Видеодан кадрлар

Ақтауда 4 қараша кешкісін бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары пәтерлерінде жылудың жоқтығына наразы болып, көшеге шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Олар наразылық ретінде көлік қозғалысын тоқтатуға әрекеттенген. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен қала әкімі барған.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода тұрғындардың жол бойына жиналып, көліктердің қозғалысына кедергі келтірмек болғаны көрінеді. Алайда оқиға орнына келген полиция қызметкерлері бұған жол бермеген. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қоғамдық тәртіп бұзылмаған және ешкім ұсталған жоқ.

Қала әкімдігінің түсіндіруінше, жылудың уақытша тоқтауына инженерлік желілердегі ақау себеп болған. 4 қараша күні сағат 12:15-те жылу желілеріндегі тиекті арматурадан ақау анықталып, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 20-шағынаудандағы «Отрар Сити» тұрғын үй кешеніне жылу беру уақытша тоқтатылған.

Жөндеу жұмыстары сағат 20:15-те аяқталып, жылу беру қайта қалпына келтірілген. Соған қарамастан, кешкі сағат 21:30 шамасында тұрғындар үйлерінің маңына жиналып, наразылық білдірген.

Жағдайды реттеу үшін оқиға орнына Ақтау әкімі Мақсат Мұқаш пен жауапты мекемелердің өкілдері барған. Қала басшысы тұрғындармен кездесіп, мәселені түсіндіріп, жылумен қамту мәселесін жеке бақылауына алған.

Әкімдік өкілдері аталған тұрғын үй кешендерін салған компания инженерлік желілерге қатысты құжаттарды әлі күнге дейін жергілікті атқарушы органға тапсырмағанын да атап өтті. Бұған қоса, үйлердің жеке жылу қазандықтары бар. Осы жағдай бұған дейін коммуналдық қызметтердің жылумен қамту жұмыстарына тікелей араласуын қиындатқан.

Қазіргі уақытта әкімдіктің ресми мәліметінше, «Отрар Сити» және «Манхэттен» тұрғын үй кешендеріне жылу беру толық қалпына келтірілген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу