«Адамның сүйегі екен»: Семейдегі құрылыс алаңындағы күтпеген олжа жұртты шошытты
Семей қаласында бұрынғы «Пищевик» стадионының орнында салынып жатқан жаңа спорт кешенінің аумағынан адам сүйектеріне ұқсас қалдықтар табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мәліметке сәйкес, сүйектерді құрылыс жүріп жатқан аумақтан қала тұрғыны байқап қалып, бұл туралы жергілікті басылым редакциясына хабарлаған. Оның айтуынша, жер қазу жұмыстары басталғаннан кейін сүйектер жер бетіне шыққан.
Оқиға орнына барған қала әкімдігі өкілдері құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтатты. Кейін аумаққа полиция қызметкерлері шақырылып, табылған сүйек қалдықтары сараптама жүргізу үшін криминалистерге жіберілді.
Құқық қорғау органдары барлық процессуалдық іс-шаралар аяқталып, тиісті қорытынды шыққаннан кейін ғана құрылыс жұмыстары қайта жалғасатынын мәлімдеді.
Әлеуметтік желі қолданушылары адам сүйектерін байқап, дер кезінде хабарлаған тұрғынның қырағылығына ризашылықтарын білдірді. Көпшілік мұндай жағдайда сүйектің адамға тиесілі екенін бірден ажырату қиын екенін де атап өтті.
Соңғы жаңалықтар