"Ағылшынша сөйлеймін": Ерке Есмахан оқырмандарына мақтанды
Танымал хитмен әнші Ерке Есмахан әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне сын көзбен сұрақ қойған оқырманына шұғыл жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Желі жұлдызының тіл мәселесіне қатысты айтқан бұл пікірі оның көпмиллиондық аудиториясы арасында қызу талқыға түсті.
Оқырмандарының бірі әншінің Instagram stories-іне «Неге басқа блогерлер секілді орыс тілінде сөйлемейсіз?» деген сауал жолдаған екен. Өз кезегінде Ерке Есмахан өзінің блогер емес, алдымен әнші екенін ескертіп, мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы ағынан жарылды:
«Мен блогер емеспін, әншімін. Мен қазақтың қызы болған соң, қазақша жазып, сөйлеймін. Мені әртүрлі ұлт өкілдері оқиды, қарайды. Осы тұста қазақ тілінің мәртебесін өзіміз көтерген жөн емес пе?! Шетелдіктердің парақшасын қараймыз, олар өз тілінде сөйлейді, оларды түсінеміз ғой мысалға», – деді өнер иесі.
Сонымен қатар, ол парақшасын тек қазақ тілінде жүргізуі өзге тілдерді меңгермегенін білдірмейтінін қадап айтты.
Әнші өзінің күнделікті өміріне қатысты бұрын-соңды айтылмаған қызықты дерекпен бөлісіп, оқырмандарын таңғалдырды. Ол шетелге жиі шығатынын және қажет жерінде кез келген тілде еркін сөйлей алатынын жеткізді.
«Айтпақшы, бала күтушілермен ағылшынша сөйлесемін. Орысша кітап оқимын. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!», — деп жазды Ерке Есмахан өзінің ұстанымын білдіріп.
Ерке Есмаханның бұл жауабы желі қолданушыларының үлкен қолдауына ие болып, ана тіліне деген құрметтің шынайы үлгісі ретінде бағалануда.
Соңғы жаңалықтар