«Әкем сияқты болғым келмейді»: Тәуекел Мүсілім бала тәрбиесіне қатысты көзқарасын айтты

30.09.2026 • 13:22 Мөлдір ҚАЙНАР
«Әкем сияқты болғым келмейді»: Тәуекел Мүсілім бала тәрбиесіне қатысты көзқарасын айтты
120
Фото: әлеуметтік желі

Танымал актер әрі тележүргізуші Тәуекел Мүсілім бала тәрбиесі мен отбасындағы әкелік міндеті жайлы ашық пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Отец» подкастында сыр шертті. Өнер иесі балалық шағында көрген әке мен бала арасындағы қарым-қатынас бүгінде өзінің тәрбие тәсіліне тікелей әсер еткенін жасырмады.

«Өз әкем сияқты болғым келмейтініне 100 пайыз сенімдімін. Мен оған толықтай қарама-қарсымын. «Сен баласың, мен әкеңмін, сондықтан мені тыңдауың керек» деген түсінікті үзгім келеді», – дейді ол.

Актер ұлдарын қатаң тәртіп пен бұйрыққа бағындырғаннан гөрі, ересек адамша сырласып, жағдайды түсіндіруді жөн санайды. Оның пайымдауынша, әр бала өз қателігінен өзі сабақ алып, өмірлік тәжірибе жинақтауы қажет.

Сондай-ақ Тәуекел Мүсілім соңғы уақытта сезімін бүкпей, эмоциясын еркін білдіруге үйренгенін жеткізді. Әке тақырыбы қозғалған кезде көзіне жас алатынын, соның арқасында бала күнгі жан жараларын біртіндеп емдеп келе жатқанын тілге тиек етті.

Бүгінде барлық бос уақытын ұлдарына арнауға тырысатын актер олардың велосипед пен шаңғы теуіп үйренгенін, бойындағы қорқыныштарын еңсерген әрбір сәтін бақылау өзі үшін зор бақыт екенін атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий