"Әкесіне өкпелі": Далада түнеген атыраулық баланың жағдайы белгілі болды

25.08.2025 13:30
0
1083
Сурет: instagram.com/aizhan_maksutqyzy

АТЫРАУДАҒЫ 14 ЖАСТАҒЫ ЖАСӨСПІРІМНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ БЕРІЛДІ, ДЕП ХАБАРЛАЙДЫ POLITICO.KZ.

Атырауда 20 тамыз күні көшеде ұйықтап жатқан жерінен табылған 14 жастағы жасөспірімге қатысты жаңа деректер шықты. Атырау қалалық мәслихатының депутаты және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Сәрсембаеваның хабарлауынша, бұл балалар бұған дейін де отбасынан алынып, алайда сот шешімімен анасына қайтарылған болып шықты.

Қоғамдық резонанстан кейін жасөспірім мен оның қарындасы дереу кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен балалар үйіне орналастырылды. Анықталғандай, олар осыдан бір жыл бұрын да дәл осы мекемелерде екі ай болған. Сол кезде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия ата-ана құқығын шектеу туралы сотқа ұсыныс жасағанымен, сот «негіз жеткіліксіз» деп тауып, балаларды анасына қайтару туралы шешім шығарған.

Мамандармен сұхбат барысында жасөспірім оқиға болған түні мопед бөлшегін іздеп, таңғы сағат 7-ге дейін жүргенін, кейін басы ауырып, есінен танып қалғанын айтқан. Ол анасы мен қарындасынан айырылып қалудан қорқатынын және үйіне, анасының қасына қайтқысы келетінін жеткізді. Орталық психологтарының айтуынша, баланың көңіл-күйі жақсы, ашық сөйлеседі, бірақ өзі ұйқысының бұзылғанын және жаман түстер көретінін айтады.

Баланың сөзінше, анасының денсаулығы нашар, ал ол анасының бұл жағдайына әкесін кінәлайды. Соған қарамастан, отбасына анасының достары мен үйдегі ағасы азық-түлікпен көмектесіп тұратыны белгілі болды.

Қазіргі таңда жасөспіріммен психологиялық-диагностикалық жұмыстар жүргізіліп, жағдай толық бақылауға алынған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий