«Ұйықтап жатыр деп ойлаған»: Шуда соққыға жығылған әйел комаға түсті
Шуда соққыдан есінен танып қалған әйел ауруханаға аса ауыр халде жеткізілді. Оны ұрды деген күдікке ілінген ер адам жедел жәрдемді шамамен 10 сағаттан кейін ғана шақырған, деп хабарлайды Politico.kz.
«НеМолчиKZ» қорының мәліметінше, 1976 жылы туған әйел 24 қарашада ауруханаға түскен. Қызының айтуынша, бір күн бұрын анасын бұрын бірге тұрған ер адам ұрып, есінен тандырған.
Ер адам жедел жәрдемді кеш шақырғанын әйелдің ұйықтап жатқанын ойлағанымен түсіндірген. Күдіктінің көру қабілеті бойынша І топтағы мүгедектігі бар. Ол жауап алу кезінде әйелдің өздігінен бес рет құлағанын айтқан. Алайда дәрігерлер әйелдің басынан ауыр затпен ұрғаннан жарақат алғанын анықтаған.
Жәбірленушінің туыстары полицияның жұмысына да наразы. Олардың айтуынша, учаскелік инспектор оқиға орнындағы қан іздерін тіркемеген, ал куәгерлерді туыстары өздері іздеп табуға мәжбүр болған. Отбасы прокуратураға шағым түсірген.
Жамбыл облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті зерттеулер тағайындалды. Тергеу барысы облыстық Полиция департаментінің бақылауында», – деді полиция.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел Шу аудандық көпбейінді орталық ауруханасына кома күйінде түскен. Науқастың жағдайы әлі де аса ауыр. Дәрігерлер қарқынды ем жүргізіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар