Әкімдік арқылы пәтер алмақ болған әйел ҰҚК-ға өзі барғанымен аяқасты алаяқ атанды

05.06.2026 11:23 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Әкімдік арқылы пәтер алмақ болған әйел ҰҚК-ға өзі барғанымен аяқасты алаяқ атанды
157
Фото: depositphotos.com

Қарағанды облысының тұрғыны әкімдік арқылы пәтер сатып алудың жемқорлық схемасын әшкерелеп ҰҚК-ға кінәсін өзі мойындап барғанымен полиция істі жылы жауып оның өзін үйқамаққа алды, деп хабарлайды Orda.kz.

2023 жылдың шілдесінде Никита Ильичев есімді азамат Наталья Расторгуеваға Абай қаласындағы әкімдікте істейтін Әлия есімді танысы арқылы иесіз пәтерлерді алып беруді ұсынған. Заңсыз келісімді жасыру үшін ақша беру процесі қарыз шарты ретінде рәсімделіп, әйел делдалға 4 млн теңге ұстатады. Кейін бұл схеманы естіген оның бес танысы да баспаналы болудан үміттеніп, тағы 10 млн теңгедей қаражат жинап берген. Алайда уәде етілген пәтерді ешкім көрмеген соң Расторгуеваның таныстары полицияға шағым түсіріп, құзырлы орган бірден алаяқтық бабымен іс қозғады. Тұрғындар ақшаны шенеуніктерге пара ретінде беріп жатқанын басынан білсе де, тергеушілер істі бұрмалап Расторгуеваны жәбірленуші емес, делдалдың сыбайласы етіп шығарған.

2025 жылдың қазан айында Наталья пара бергенін толық мойындап ҰҚК-ға арыз жазған. Жемқорлықпен күресушілер құжатты Абай қаласының полициясына бағыттағанымен, тергеушілер басшылықтың рұқсатымен оны бір аптаның ішінде мұрағатқа жауып тастады. Тәртіп сақшылары шенеунікке ақша берілгенін нақты дәлелдей алмай, әйелдің бұл қадамын жай ғана алаяқтық айыбынан құтылу амалы деп бағалаған.

Осыдан кейін қорғаушы тарап сотқа жүгініп, 2025 жылдың желтоқсанында судья полицияның әрекетін заңсыз деп танығанымен қуаныш ұзаққа бармады. 2026 жылдың қаңтарында Қарағанды облыстық соты бірінші сатыдағы шешімнің күшін жойып, іле-шала прокуратура істі дереу сотқа жолдаған. Көктемде Бас прокуратура шағымдарды зерттей келе, аймақтық ведомствоға күдіктінің тікелей қатысуымен толық тексеру жүргізуді тапсырған еді.

"Алайда Натальяны түсініктеме беруге бірде-бір рет шақырған жоқ, оған тексеріс туралы мүлдем хабарланбады, ал облыстық прокуратура формалды жауап жіберіп, хат алмасуды ресми түрде тоқтатты, қазір ол 10 ай бойы үйқамақта отыр", — деді адвокат Любовь Черниченко.

Қорғаушының айтуынша іс қазір сотта қаралып жатқандықтан Бас прокуратура да процеске араласуға заңмен тыйым салынғанын алға тартқан. Бас прокуратураның өз бұйрығын өзі орындамағанына наразылық білдірген адвокат маусым айында тікелей Президент әкімшілігіне шағым түсірді.

 

Войдите, чтобы оставить комментарий