«Алла тағала қабыл алды»: Бақытжан Базарбек ауруханадан шұғыл хабар жеткізді

11.09.2026 12:49 Әсел МҰРАТ
«Алла тағала қабыл алды»: Бақытжан Базарбек ауруханадан шұғыл хабар жеткізді
307
Фото: Instagram/bakytzhan.bazarbek

Бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзі қатысқан жол апатынан зардап шеккен Нұржігіт Қошановтың қазіргі жағдайын көрсетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол Тараздағы көпбейінді аурухана дәрігерлерімен бірге түскен суретті әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, ақ халатты жандарға алғысын білдірді.

«Бұл – еліміздің мыңдаған адамы асыға күткен сурет. Суретте – өз білімі, ерекше кәсібилігі мен жанкешті еңбегінің арқасында Нұржігітті ажалдан аман алып қалып, есін жиғызып, қайтадан аяққа тұрғызған Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлері. Ортада — Нұржігіт Қошанов. Оң жақта – Тараз қаласы көпбейінді ауруханасының бас дәрігері – Мұрзақасымов Хамит Саттарқұлұлы; Бас дәрігердің орынбасары – Ордабеков Ербол Сағындықұлы; Анестезиология және реанимация бөлімшесінің меңгерушісі – Мусин Ғамзат Афендіұлы; дәрігерлер – Джурабаев Д.Т, Еділбаев Е.О, Раимбекова Г.Э, Баяшев Е.Н, Джапсарбаев Б.М, медбикелер –Ермекқали Б.Ж, кіші медбике Сағынтаева П.К.Шыны керек, Тараз қаласының көпбейінді ауруханасы реанимация бөлімшесі дәрігерлерінің кәсіби біліктілігі мен деңгейі өте жоғары. Оларды бүкіл Жамбыл облысы медицинасының қаймағы десем, қателеспеспін», - деп жазды Базарбек.

Экс-депутаттың айтуынша, Нұржігіт жатқан уақыт аралығында бұл дәрігерлер қаншама адамның өмірін аман алып қалған. Жағдайы мүшкіл науқастардың сауығып, қайтадан аяққа тұруына себепші болып келеді.

«Бұлар – заманымыздың нағыз қаһармандары десем, артық айтқаным емес. Өз өмірін өзге адамның өмірін сақтап қалуға арнаған ақ халатты абзал жандарды қадірлей білейік, ағайын! Дәрігерлерге мың алғыс! Еңбектеріңізге мың тағзым!  Біраз төккен терім ақталды, өзімнің дұғам, халықтың дұғасы Жаратушым Алла тағала қабыл алды. Нұржігіттің аяғы сынғандықтан алдымызда әлі реабилитациясы күтіп тұр. Сол бағытта жұмыс жасайтын боламыз…», - деді экс-депутат.

Жол апаты қалай болды?

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны хабарланған еді.

Апат Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, осы жол учаскесінде көлік малды қағып кеткен. Жолда қалған жануардың өлексесін алып тастау үшін бір азамат көлігінен түскен.

Осы кезде оны Бақытжан Базарбек басқарған Toyota көлігі қағып кеткені айтылған. Жол апатынан азамат ауыр жарақат алған.

Оқиғадан кейін экс-депутат алғаш рет мәлімдеме жасап, істің қазіргі уақытта тергеліп жатқанын айтты. Осыған байланысты жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын ашық жариялай алмайтынын жеткізді.

Бақытжан Базарбек көпшілікті тергеу қорытындысын күтпей тұрып, оқиғаға қатысты асығыс пікір білдірмеуге және нақты дерекке сүйенуге шақырды.


 

Войдите, чтобы оставить комментарий