«Қазақмыс» кен орындарын дрондар мен 3D технологиясы арқылы зерттеп жатыр

«Қазақмыс» кен орындарын дрондар мен 3D технологиясы арқылы зерттеп жатыр
Фото: Қазақмыс корпорациясы

Жер астында қанша кен бар, оның қай тұста жатқанын қалай анықтауға болады? «Қазақмыс» корпорациясы бұл үшін заманауи технологияларды пайдаланып жатыр. Компания Ұлытау, Қарағанды және Абай облыстарындағы кен орындарын зерттеуге дрондар мен лазерлік 3D-сканерлеуді жұмылдырған, деп хабарлайды Politico.kz.

Корпорацияның хабарлауынша, геологиялық барлау жұмыстары жаңа кен қорларын іздеуге және қолданыстағы кеніштерді тиімді игеруге бағытталған. Мамандар жер қойнауын зерттеу үшін электрлік және магниттік барлау әдістерін де қолданып жатыр.

Жаңа жобалардың бірі Ұлытау облысындағы Тасқұра кен алаңында басталды. Мұндағы зерттеуді «Қазақмыс» тобына кіретін Qazaq Geophysics компаниясы қолға алған.

Мамандар жалпы аумағы 7,1 шаршы шақырым болатын екі учаскені зерттейді. Олар жердің 500 метр тереңдікке дейінгі құрылымын анықтап, мыс пен сульфидті минералдар кездесуі мүмкін аймақтарды іздейді.

Бұл аумақта барлығы 156 шақырымдық бағыт бойынша электрлік барлау жүргізу жоспарланған. Оның 15 шақырымы 2026 жылдың соңына дейін, қалған 141 шақырымы 2027 жылы зерттелмек.

Абай облысындағы Құсмұрын-Ақбастау кен алаңында 52,4 шақырымдық электрлік барлау аяқталған. Енді жалпы ұзындығы 1500 метр болатын ұңғымаларда қосымша зерттеу жүргізу көзделіп отыр.

Қарағанды облысындағы Бұрнақ кен алаңында мамандар 702 шақырымдық бағыт бойынша магниттік, тағы 10 шақырымдық бағытта электрлік барлау жүргізді.

Қызыладыр учаскесінде 19,5 шаршы шақырым жер зерттелген. Жиналған мәліметтер негізінде аумақтың геологиялық картасы мен үш өлшемді моделі жасалады.

Ал Саяқ кен алаңындағы Молдыбай учаскесінде зерттеудің алғашқы кезеңі аяқталды. Мұнда 310 шақырымдық бағыт бойынша магниттік барлау жүргізілген. Нәтижелер өңделгеннен кейін электрлік барлаудың келесі кезеңі басталмақ.

«Қазақмыс» геологиялық барлаумен қатар, кеніштердің қазіргі жағдайын бағалау үшін де жаңа технологияларды қолданып жатыр.

Мәселен, Қарағанды облысындағы Абыз кенішінде дрон арқылы аумағы 0,7 шаршы шақырым болатын карьер түсірілген.

Осы мәліметтердің негізінде мамандар карьердің үш өлшемді моделін, жоспары мен қималарын жасайды. Бұл кеніштің қазіргі жағдайын бағалап, оның жұмыс істеу мерзімін ұзартуға арналған шараларды жоспарлау үшін қажет.

Ал Жыланды кенішінің жер асты қазбаларында дрондардың көмегімен лазерлік 3D-сканерлеу жүргізілген. Соның нәтижесінде шахтаның жер астындағы кеңістігінің цифрлық моделін жасауға мүмкіндік туды. Бұл модель кен өндіру жұмыстарын талдап, алдағы жұмысты жоспарлауға пайдаланылады.

Бұдан бөлек, Құсмұрын-Ақбастау және Нұрқазған учаскелерінде жер бедерін өлшеп, картаға түсіру жұмыстары жүргізілді.

Корпорацияның мәліметінше, жиналған деректер алдағы геологиялық барлау бағыттарын анықтауға, кен өндіру жұмыстарын жоспарлауға және кәсіпорындардың минералдық-шикізат қорын дамытуға пайдаланылады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу