Алматыда әйелін балаларының көзінше пышақтап өлтірген экс-полицей сотталды

Алматыда әйелін балаларының көзінше пышақтап өлтірген экс-полицей сотталды
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Алматыда бұрынғы полиция қызметкеріне азаматтық некедегі әйелін өлтіргені үшін сот үкімі шықты. Ол әйеліне пышақпен 39 рет соққы жасаған, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бір жарым жыл бұрын дүйім жұртты дүр сілкіндірген іске нүкте қойылды. Тергеуде экс-полицейдің өз жұбайын асқан қатігездікпен пышақтап өлтіргені толық дәлелденді. Осыған дейін жасалған екі сараптама қорытындысы қылмыс жасалған сәтте Серік Накимов есеңгіреген күйде болды деп шығарған еді. 

Дегенмен Наурызбай аудандық соты істің бабын өзгертпей, 39 жастағы ер адамды 15 жылға бас бостандығынан айырды. 

Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді және Шаныбек Разия Сәкімқызының пайдасына 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 3 миллион теңге өкілдердің қызметіне ақы төлеу шығыны өндіріледі.

Марқұмның жақындары бұған дейін қандықол күйеу баланы өмір бойына соттауды сұраған. Дегенмен сот үкімімен де келісіп отыр. 

Ал жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаған заңгер Мейірман Шекеев, алдағы уақытта апелляциялық сотқа арыз жазылуы мүмкін екенін айтты. 

«Бұл үкімге қанағаттанамыз. Себебі бір емес, екі сараптама тағайындаған кезде оны аффект жағдайда деп шығарып берген. Біз үкімді қазір ғана естідік. Мен жәбірленушімен сөйлесіп, егер моральдық шығынға көңілі толмаса, апелляциялық шағымды сол бөлігінде беруіміз мүмкін», - деді заңгер Мейірман Шекеев. 

Жантүршігерлік оқиға осыдан бір жарым жыл бұрын болған. 15 жыл ішкі істер органында қызмет еткен Серік Накимов өз әйелін балаларының көзінше пышақтап өлтірген. Артынша өзін де өлтіруге тырысқан. 

Осылайша қылмыс «есеңгіреген күйде жасалды» деген сараптама қорытындысы экс-полицейдің жазасын жеңілдетуге еш әсер ете алмады. Үкім әлі күшіне енген жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу