Павлодарда кішкентай қызды зорлаған педофил сотталды
Павлодарда кішкентай қызға зорлық көрсеткен педофил 20 жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Павлодар облысында кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасағаны үшін айыпталған ер адам 20 жылға сотталды. Сондай-ақ ол өмір бойына педагогикалық қызметпен айналысу және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Қылмыстық істі Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Сот мәліметінше, оқиға 2020 жылы наурызда болған. Сотталушы өз кінәсін мойындамаған. Алайда оның кінәсі жәбірленушінің, оның заңды өкілінің және куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, сондай-ақ сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталған.
Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі (Жс балаға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша кінәлі деп таныды.
«Үкімге сәйкес, сотталушы орташа қауіпсіздік мекемесінде 20 жыл жазасын өтейді. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 50-бабының 3-бөлігі негізінде педагогикалық лауазымдарды атқару және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды», – делінген сот хабарламасында.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар