Ташкентте қазақ футболшылары ауруханаға түсті: елшілік жаңа мәлімет жариялады

Ташкентте қазақ футболшылары ауруханаға түсті: елшілік жаңа мәлімет жариялады
Фото: Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі

Ташкентке спорттық жарысқа барған Қазақстан азаматтарының денсаулық жағдайы туралы Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Елшілік мәліметінше, 2 қараша күні кешкі сағат 17:00-де Ташкент қалалық №5 клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына тағы бір бала жеткізілген. Осылайша, медициналық мекемеге түскен отандастарымыздың жалпы саны 18 адамға жетті (12 бала және 6 ересек).

3 қарашадағы жағдай бойынша науқастардың 10-ы (6 бала және 4 ересек) қажетті емдеу курсынан өтіп, денсаулықтарының жақсаруына байланысты ауруханадан шығарылды.

Қазіргі уақытта Ташкенттегі ауруханада 8 азаматымыз (6 бала және 2 ересек) ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер науқастардың жағдайын тұрақты деп бағалап, балалардың денсаулығында оң динамика бар екенін атап өтті. 

Ішек инфекциясының қоздырғыштарын анықтау мақсатында жүргізілген ПТР зерттеуінің түпкілікті нәтижелері әзірге белгісіз.

Жағдай Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжановтың тікелей бақылауында тұр. Елшінің қатысуымен жергілікті дәрігерлер науқастардың жағдайы бойынша арнайы консилиум өткізді. Екі елдің денсаулық сақтау министрліктері өзара тұрақты байланыс орнатып, консультациялар жүргізуде.

Спорттық жарысқа барған 95 азаматтың 13-і елшіліктің қолдауымен елге аман-есен оралды. Қазіргі уақытта Өзбекстан аумағында 12 қазақстандық қалды, оның 8-і ем қабылдап жатқандар.

Елге оралған азаматтарды күтіп алу және олардың денсаулығын өңірлік медициналық ұйымдарда тексеруден өткізу жұмыстарын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қамтамасыз етуде.

Ташкентте қазақстандық футболшылардың улану дерегі бойынша Өзбекстанның бас прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.

Бұған дейін Ташкентке барған қазақстандық  жасөспірім футболшылар уланып, ауруханаға түскені хабарланған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу