Алматыда дипломын жыртқан түлек жауапқа тартылды
Алматыда әлеуметтік желіде дипломын жыртып жатқандай көрінетін видео жариялаған колледж түлегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Полицияның мәліметінше, TikTok платформасына жүргізілген мониторинг барысында қоғамда қызу талқыға түскен бейнежазба анықталған.
Видеода Алматыдағы жекеменшік колледждердің бірінің түлегі диплом табыстау рәсімінен кейін көпшілік алдында диплом мұқабасына ұқсас затты жыртып тастағаны көрінеді.
Алайда тексеру барысында түлектің дипломының түпнұсқасы, оған қоса берілген қосымшасы және оқу орны тапсырған ресми мұқабасы бүлінбегені анықталды. Белгілі болғандай, бейнероликті түсіру үшін алдын ала дайындалған диплом мұқабасының көшірмесі пайдаланылған.
Соған қарамастан, видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қолданушылар арасында түрлі пікір туғызған. Осыған байланысты полиция тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесінде бейнежазба авторы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Соңғы жаңалықтар