Алматыда екі жыл бұрын жұмбақ жағдайда өлген бойжеткеннің ісі қайта қозғалды
Алматыда екі жыл бұрын 22 жастағы Вероника Соколованың өліміне қатысты қылмыстық іс қайта жанданды, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бойжеткен пәтер іздеп жүріп, риэлтормен танысқан. Кездесу сол күні қайғылы жағдаймен аяқталып, қыз 4-қабаттың терезесінен құлап кеткен. Марқұмның анасы Любовь Соколова бұл суицид емес, қасақана кісі өлтіру деп есептейді. Оның сөзіне қарағанда, оқиғаның қалай өрбігені тек күдікті ер адамның айтуымен ғана белгілі.
"Олар мейрамханада отырған. Кейін ол қызыма өзі жалдап тұратын пәтерді көруге ұсыныс жасаған. Ол жаққа барған соң қандай келісім болғанын білмеймін, бірақ интимдік қатынас үшін ақша аударады. Ал Вероника үйге қайтпақ болған. Ол қызыма ақша аударғанын айтқанда, Вероника ешқандай қаражат түспегенін жеткізіп, кетіп қалмақ болған", – деді марқұмның анасы Любовь Соколова.
Ресми болжам бойынша бірнеше сағаттан соң қыз төртінші қабаттан құлап көз жұмған.
"Ер адам қызымның телефонын тартып алған. Оның айтуынша, Вероника оған тап беріп, ұра бастаған. Бірақ еркектің денесінде ешқандай көгеру болмады, ол соққы алғаны туралы ешқайда шағымданбаған. Кейін ол телефонды қайтарып беріп, есікті ашқан. Теріс айналып қараған кезде қыздың терезе алдында отырғанын көрген. Ал жедел жәрдемді көшеден өтіп бара жатқан адам шақырған", – деді Любовь Соколова.
Марқұмның бас сүйегі мен оң аяғы қатты зақымданып, денесінде көгерген және жыртылған жарақаттар болған. Қыздың қолында ноутбукпен бірге құлауы және пәтерден қан болған сырғалардың табылуы анасының күдігін күшейте түсті. Іс бірнеше рет сотта қаралып, кейін жабылып қалған екен. Қазір қайта қарауға қол жеткізген әйелге риэлтордың адвокаты хабарласып, ақша ұсынған.
"Олар қызынан айырылған ананы сатып алмақ болды. Бұл өте төмен қылық. Менің көзімді құрту оларға түкке тұрмайды. Егер мен болмасам, іс тоқтап қалады, қызым үшін күресетін ешкім қалмайды. Мен өлуден қорықпаймын. Қызымды суицид жасады деген жаладан арылтып, кінәлілерді жазалағым келеді", – деді анасы.
Полиция өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сондай-ақ қыздың телефонын тартып алғаны үшін іске өз бетінше билік ету бабы қосылды.
"Қазіргі уақытта сот-медициналық және сот-биологиялық сараптамалар тағайындалды. Соның қорытындысы бойынша оқиғаның мән-жайы анықталып, құқықтық баға беріледі. Бір күдіктіге қатысты жедел іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр", – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Марқұмның анасы бұл іске басқа да адамдардың қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қайғылы оқиға болған пәтерден 4 адамның саусақ ізі табылған. Оған қоса көршілер жиһаздың құлағанына ұқсас қатты дауыс естігенін айтқан. Ал қылмыстық іс материалдарынан Верониканың киімдері мен фото-бейнежазбалары ізім-ғайым жоғалып кеткен.
Соңғы жаңалықтар