«Егер маған бірдеңе болса...»: Верониканың анасының үйіне бейтаныс адам келген

29.06.2026 11:14 Әсел МҰРАТ
«Егер маған бірдеңе болса...»: Верониканың анасының үйіне бейтаныс адам келген
192
Фото: threads.com/@prodbymelissa

Алматыда қаза тапқан 22 жастағы Вероника Соколованың анасы Любовь Соколова қызы көз жұмған күні өзін оның жанында болған ер адамның отбасының адвокаты ретінде таныстырған адамның үйіне келгенінен кейін өз өміріне алаңдайтынын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Өз үндеуінде Любовь Соколова Алматы қаласының полиция департаменті мен прокуратурасынан өзінің тұрғылықты мекенжайын бөгде адамдарға кімнің және қандай негізде бергенін анықтауды талап етті.

«Мен Алматы қаласының полициясы мен прокуратурасына жүгінемін. Менің үйімнің мекенжайын бөгде адамдарға кімнің және қандай негізде бергенін шұғыл түрде анықтауларыңызды сұраймын. Бұл – құпия ақпарат және ашық қолжетімді деректердің қатарында жоқ», – деді ол.

Әйелдің айтуынша, қызының өлімінің мән-жайын жан-жақты әрі әділ тергеуге қоғамнан қолдау сұрап жария түрде үндеу жасағаннан кейін бірнеше күн өткен соң, үйіне өзін Вероника қайтыс болған күні оның жанында болған ер адамның отбасының адвокаты ретінде таныстырған адам келген.

Любовь Соколованың сөзінше, 26 маусымда әлгі отбасының өкілі оған көңіл айтып, қаржылай көмек ұсынған. Алайда ол бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқан.

«Қызымның өмірінің құнын ештеңемен өлшеуге болмайды. Ешқандай ақша менің қызымды алмастыра алмайды. Меніңше, олар осылайша менің аузымды жаппақ болды», – деді ол.

Осы кездесуден кейін әйел өзінің қауіпсіздігіне қатты алаңдай бастағанын жеткізді.

«Осы оқиғадан кейін өз өмірім үшін қорқамын. Мекенжайымды кім бергенін, олардың қандай мақсатпен келгенін және алда не болатынын білмеймін. Егер маған бірдеңе болса, бұл іс жай ғана жабылып қалады. Себебі қызымның құқығы үшін күресетін ешкім қалмайды», – деді марқұмның анасы.

Еске салайық, Вероника Соколованың жақындары тергеудің өзіне-өзі қол жұмсау нұсқасымен келіспейді және қылмыстық істе көптеген сәйкессіздік бар екенін алға тартады.

Анасының айтуынша, 2024 жылдың сәуірінде Вероника Алматыдан пәтер іздеп жүргенде, баспананы көрсеткен ер адаммен танысқан. Бір айдан кейін ол қызды кездесуге шақырған. Кездесу 12 маусым күні кешке өткен. Оған дейін Вероника анасымен телефон арқылы сөйлесіп, жоспарларымен бөліскен. Ал келесі күні отбасы оның қайтыс болғаны туралы суыт хабар алған.

Любовь Соколованың айтуынша, кейін қылмыстық іс материалдарынан бірқатар маңызды дәлелдер жоғалып кеткен. Ал қызы өмірінің соңғы сағаттарын бірге өткізген ер адам әлі күнге дейін іс бойынша тек куәгер мәртебесінде қалып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий