Газ баллонын қолданатындарға жаңа өзгеріс дайындалып жатыр

Газ баллонын қолданатындарға жаңа өзгеріс дайындалып жатыр
Фото: ТАСС агенттігі

Үйде тамақ пісіруге немесе дәмханада ас әзірлеуге қолданылатын газ баллондары енді қатаң бақылауға алынбақ. Қазақстанда ескірген баллондарды біртіндеп қолданыстан шығарып, жаңасына ауыстыру мәселесі де көтерілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Үкімет отырысында айтты.

Министрдің сөзінше, газ баллондарын дұрыс пайдаланбау, талапқа сай сақтамау немесе дұрыс толтырмау өрт пен жарылысқа әкелуі мүмкін. Сондықтан жеке тұрғын үйлерде, дәмханалар мен басқа да қоғамдық тамақтану орындарында олардың қалай қолданылатынын қадағалау қажет.

«Мұндай қауіптердің алдын алу үшін әкімдіктер жанындағы газ-техникалық инспекциялардың бақылауын күшейту керек», – деді Мұрат Мұханов.

Қазір Энергетика министрлігі газ баллондарын таңбалау және есепке алу жүйесін әзірлеп жатыр. Бұл жүйе арқылы баллондардың қайда сатылатынын, қай жерде қолданылатынын және техникалық жағдайын бақылау көзделген.

Сонымен қатар министр ескі газ баллондарын ауыстыру мәселесіне тоқталды.

«Ескірген газ баллондарын біртіндеп қолданыстан шығарып, оларды жаңасына кезең-кезеңімен ауыстыру тетігін әзірлеу қажет», – деді ол.

Алайда баллондарды ауыстыру қашан басталатынын және оның қалай жүргізілетінін министр нақтыламады.

Мұхановтың айтуынша, Көкшетаудағы зауыт қазірдің өзінде 500 болат газ баллонын шығарған. Ал Өнеркәсіп министрлігі Атырау мен Алматыда композиттік материалдардан жасалатын газ баллондарын өндіруді қолға алу мәселесін қарастырып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Кентау қаласында Жаңа жыл түні дәмханада болған газ баллонының жарылысына қатысты сот үкімі шыққан еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу