Алматыда ерекше балаға дөрекілік көрсеткен тәрбиеші мен орталық басшылығы тексеріліп жатыр
Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жекеменшік түзету орталығының тәрбиешісі мен басшылығына қатысты тексеру бастады. Бұған әлеуметтік желіде тараған ерекше баламен болған бейнежазба себеп болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Видеода мекеме қызметкерінің кішкентай баланың қолы мен бетінен дөрекі ұстап, оған айқайлап жатқаны түсірілген. Баланың анасының айтуынша, бұл бейнежазбаны тәрбиешінің өзі сабақтар туралы апта сайынғы есеп ретінде жіберген.
«Менің балам — ерекше бала. Ол сөйлей алмайды. Үйге келіп, өзіне не істегенін анасына айтып бере алмайды. Сөзбен көмек сұрап немесе өзін қорғай алмайды. Сондықтан да біз балаларымызды мамандарға сеніп тапсырамыз. Ал егер қауіпсіздігін сеніп тапсырған ересек адамның өзі балаға ауырлық келтірсе, оны кім қорғайды? Біз қорқыныш пен қорлау үшін емес, қамқорлық, даму және кәсіби көмек үшін ақша төлейміз», — деп жазды баланың анасы әлеуметтік желіде.
Әйелдің сөзінше, шамамен бір ай бұрын ұлының мінез-құлқында өзгерістер байқалып, балада истерика мен эмоциялық күйзелістер пайда болған. Оның айтуынша, орталықта бейнебақылау камералары жоқ. Ал мекеме басшылығы қызметкерді жұмыстан шығарудан бас тартып, оның орнына өтемақы ретінде бір ай тегін сабақ ұсынған:
«Мен дау-жанжалға құмар адам емеспін, бәрін бейбіт жолмен шешкім келіп, маманды жұмыстан босатуды сұрадым. Оған басшылық оны жұмыстан шығара алмайтынын, себебі жақында зейнетке шығатынын айтты», — деп қосты жәбірленуші баланың анасы.
Әйел тегін сабақтар туралы ұсыныстан бас тартып, құқық қорғау органдарына жүгінген. Алматы қалалық Полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді:
«Қазіргі уақытта Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бейнежазбаны зерделеп, тәрбиеші мен мекеме басшылығының әрекеттерін тексеріп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша болған оқиғаға құқықтық баға беріледі», — деп хабарлады ведомстводан.
Түзету орталығының өзі әзірге бұл жайтқа қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
Соңғы жаңалықтар